Жоғары білім беру жүйесінде сапалы білім берумен қатар, жастарға ұлттық тәрбие беру, патриотизмді қалыптастыру және аға буын өкілдерінің өмірлік тағылымын жас ұрпаққа дарыту — заманауи университеттің басты стратегиялық бағыттарының бірі. Осы орайда Шымкент қаласында ардагерлер ұйымы мен университеттің бірлескен Академиялық кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті.
Ауқымды әрі танымдық маңызы жоғары жиынға университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев арнайы қатысты. Сондай-ақ маңызды басқосуға Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев, төраға орынбасары Асқар Жұмабайұлы, сонымен бірге Республикалық ұлттық құндылықтар академиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әбила Көздібайқызы қатысып, өздерінің салмақты ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Жаңадан құрылған Академиялық кеңестің құрамына университеттің бірқатар білікті профессор-оқытушылары, профессорлары мен жауапты мамандары мүше болып енгізілді. Жиын барысында аға буын өкілдерінің, еңбек ардагерлерінің мол өмірлік және кәсіби тәжірибесін ЖОО-ның білім беру мен тәрбие үдерісіне тиімді интеграциялау, студент жастарға ұлттық құндылықтарды, салтымыз пен дәстүрімізді кеңінен дәріптеу, патриоттық тәрбиені күшейту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылар білім ордасы мен өңірлік ардагерлер ұйымы арасындағы байланысты одан әрі күшейтіп, бірлескен тәрбиелік жобалар мен қоғамдық бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бірлескен Академиялық кеңес – тәжірибелі ардагерлердің тағылымы мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізіп, білім мен тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастыруға бағытталған бірегей әрі маңызды диалог алаңына айналмақ.
Жиын қорытындысында жаңа оқу жылына арналған бірқатар нақты міндеттер айқындалып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту, студенттер арасында кездесулер мен дөңгелек үстелдерді жиі өткізіп тұру жөнінде бағалы ұсыныстар айтылды. Шымкентте өңірлік жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу және ЖОО-дағы әлеуметтік-тәрбиелік ортаны дамыту жұмыстары алдағы уақытта да белсенді түрде жүргізіледі.
