Қазіргі таңда отандық жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудың басты кепілі – жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін арттыру және білікті жас кадрларды қалыптастыру болып табылады. Осы орайда Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары ғылыми-академиялық құрамның сапасын арттыруға және оқытушылардың зерттеушілік қызметін жан-жақты қолдауға баса мән беріп келеді.
Осындай жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде университеттің «Спорт және туризм» факультетінің аға оқытушысы Жолдасбекова Дана Әбдіманатқызының көптен күткен PhD дипломын ресми түрде қолына алуын айтуға болады.
Еске сала кетсек, Дана Әбдіманатқызы үстіміздегі жылдың маусым айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) базасындағы диссертациялық кеңесте өзінің докторлық зерттеу жұмысын сәтті қорғап шыққан болатын. Уәкілетті органның тиісті бұйрығы негізінде оған 8D01901 – «Арнайы педагогика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі ресми түрде берілді.
Арнайы педагогика саласы – бүгінгі таңда инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемесін жетілдіру және қоғамда тең мүмкіндіктер ортасын қалыптастыру тұрғысынан өте өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Факультеттің осындай маңызды бағыт бойынша жаңа PhD докторымен толығуы өңірдегі педагогикалық білім беру сапасын арттыруға, жаңа ғылыми-әдістемелік бастамаларды іске асыруға және студенттерге заманауи халықаралық стандарттарға сай білім беруге зор серпін береді.
Өңірлік оқытушылардың бұл сияқты ғылыми жетістіктері – университеттің жалпы академизм деңгейін көтеріп қана қоймай, жас зерттеушілер мен студенттерге үлкен мотивация беретін жарқын үлгі. Ғылыми кадрлардың сапалық құрамының артуы – жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты көрсеткіші.
Құрметті Дана Әбдіманатқызы!
Сізді ғылым жолындағы басты құжатыңыз – PhD дипломын алуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Көпжылдық ізденіс пен табанды еңбектің жемісі куәландырылған бұл қуанышты сәтте Сізге сарқылмас қайрат, ғылыми-педагогикалық қызметіңізге толағай табыстар, тың идеялар мен жаңа ғылыми биіктерді бағындыруды тілейміз! Өңірлік ғылым мен білім беру саласын дамытуға қосар үлесіңіз артта берсін!
