Қазіргі таңда отандық ғылымды халықаралық деңгейге көтеру, өңірлік жоғары оқу орындарының зерттеу әлеуетін арттыру және жас ғалымдарға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Шымкент қаласында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, жоғары білім беретін оқу орындары әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатуда. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2026 жылға арналған шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне шетелдік белгілі зерттеушілер шақырылып, тәжірибе алмасу жүргізіліп жатыр.
Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкенттегі қара шаңырақ – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне QS World University Rankings 2026 глобалды рейтингінде 58-орынды иеленген Малайя университетанің (Малайзия) беделді зерттеушісі, PhD Камил Кайоде Катиби келді. Шетелдік ғалымның іс-сапары өңірдегі ғылыми ортаны дамытуға және халықаралық академизмді орнықтыруға зор серпін берері сөзсіз.
2026 жылғы 1-30 қыркүйек аралығында жоспарланған ғылыми сапар аясында доктор Камил Катиби Әуезов университетанің профессор-оқытушылар құрамымен, ғалымдарымен және жас зерттеушілерімен екіжақты тығыз әріптестікте жұмыс жүргізеді. Жұмыстың басты бағыттарының бірі – суды тазартудың заманауи әрі тиімді технологияларын әзірлеу. Өңірдегі экологиялық жағдай мен су ресурстарын үнемді, қауіпсіз пайдалану мәселесі бүгінгі таңда ерекше маңызға ие. Шетелдік маманның бұл бағыттағы зерттеулері өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін нақты практикалық маңызы бар технологиялық шешімдерді табуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сапар барысында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, Scopus және Web of Science сияқты беделді халықаралық деректер базаларына кіретін журналдарда бірлескен мақалалар дайындау мен жариялаудың болашағы талқылануда. Бұл өңірлік ғалымдардың еңбектерін әлемдік ғылыми қоғамдастыққа танытудың төте жолы болып табылады.
Ғылымды танымал ету және жас зерттеушілердің әлеуетін көтеру – сапардың тағы бір маңызды құрамдас бөлігі. Доктор Катиби М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың докторанттарына, магистранттарына және студенттеріне арнайы дәрістер топтамасын оқып, халықаралық методологиямен бөлісуде. Сондай-ақ ол докторанттар мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына тікелей ғылыми кеңес беріп, олардың диссертациялық зерттеулерін халықаралық стандарттарға сай бағыттауға көмектеседі.
Бұл бастама Шымкент қаласында ғылымды танымал етуді, өңірлік ғалымдардың жетістіктерін насихаттауды, жас зерттеушілерді мемлекеттік қолдауды және жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық кооперацияны дамытуды айқын көрсетеді.
