Былтырдан бастап Алматы әкімдігі клиникалық мамандықтар бойынша дәрігерлерді резидентурада оқытуға қаржы бөліп келеді. Резидентура – бұл жоғары оқу орнынан кейінгі тереңдетілген медициналық білім беру, даму мен кәсіби өсудің мүмкіндігі.
Гранттар сұранысқа ие мамандықтарға бөлінеді, қалада медицина кадрларының тапшылығын төмендетуге бағытталған.
Қазір 2021 жылы оқуға түскен 108 адам резидентурада оқып жатыр.
Биыл байқауға 284 үміткер қатысты. Әкімдік грантын 120 адам иеленді. Оқу мерзімі – 2-3 жыл. Келісім-шартқа сәйкес, олар өз мамандығы бойынша қаланың медициналық мекемелерінде 5 жыл бойы жұмыс істеуге тиіс.
Гранттың көпшілігі анестезиология және реаниматология, жұқпалы аурулар, педиатрия және офтальмология мамандықтарына бөлінген.
2023 жылға резидентураға 130 грант және «Эпидемиология» мамандығы бойынша магистратураға 10 орын жоспарланған.