Осыдан төрт жыл бұрын қайта құрылған Келес ауданының әлеуметтік — экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл жұмыс жаңа қарқынмен жалғасады. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданға арнайы барып, келестіктермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, барлық сауалдарына жауап берді. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халықпен жүздескен облыс әкімі бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен атқарылған жұмыстар жайлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес облыста жоспарланған және атқарылатын жұмыстар барысын баяндады. Осыған дейін облыс басшысымен кездесуде тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі шешімін тапқан.
Кездесуде және жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан өткір сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, үй салуға жер беру, кітапхана салу, жұмыссыздық, жастардың синтетикалық дәріге құмарлығы, мал шаруашылығын дамыту, Келес өзенінің экологиялық ахуалы, бау-бақша шаруашылығына субсидия беру, спорт кешенін салу және өзге де мәселелер көтерілді. Өңір басшысы ұсыныстар орынды екенін, назарға алынатынын атап өтті.
Аудандағы елді мекендердің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны 2 358,5 млн. теңгені құрайтын 2 мектептің құрылысы жүргізіліп, 1 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Келер жылы тағы бір жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында биыл 3 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді сапалы электрмен жабдықтау жұмыстары қолға алынған.
2022 жылы «Абай» АГТС-нің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 10 елді мекенде 18 жоба іске асырылуда. Мектептерге қажетті қосымша ғимарат салынып, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Кітапхана және мәдениет үйлер салынып, Қызыләскер ауылында қуаты 220/110/10кв қосалқы станциясын іске қосу және «Жылға» ТҚС-ны 220/110/10кв қосалқы станциясын қосуға 188,5 млн. теңге қаралған.