Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
СОЗАҚТЫҚ ҰСТАЗ ОБЛЫСТЫҚ ТЕРМЕ БАЙҚАУЫНДА ТОП ЖАРДЫ
Мақтаарал ауданында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл және Мақтаарал ауданының 95 жылдығына орай, сонымен қатар «Түркістан мақамдары» терме жинақтарын дамыту мақсатында ақын, термеші Қайыпназар Әйтпеновтың туғанына 123 жыл толуына арналған облыстық “Терме – бойтұмарым” атты термешілер байқауы өтті.
Байқауға ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, дәстүрлі әнші, термеші Республикалық конкурстардың лауреаты Халықаралық жыршы, термешілер одағының мүшесі Аязбек Рустамов және ақын, сазгер Бауыржан Кеттебеков төрелік етті.
16 мен 35 жас аралығындағы талантты термешілер қатысқан облыстық байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Қайыпназар Әйтпеновтың бір термесін орындаса, екінші кезеңде өз қалаулары бойынша еркін тақырыптағы бір терме орындады.
Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен жүлделі I орынды Теріскейдің талантты қызы, ұстаз, әнші, термеші, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ-мектеп-лицейдің музыка пәнінің мұғалімі Шалабаева Гүлбану Қуандыққызы иеленді.
Айта кетейік, облыстық «Терме – бойтұмарым» байқауының мақсаты қазақ халқының ән-жыр өнерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау, дәстүрлі терме орындау өнерін дамыту және талантты жас термешілерді анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады.
ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ ПЕДАГОГ- ПСИХОЛОГТАРМЕН СЕМИНАР ӨТТІ
Түлкібас ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері М.Кулмаганбетованың ұйымдастыруымен С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беру мектебінде «Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтың бала психологиясына әсері» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Тәжірибелік семинар барысында С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беру мектебінің педагог-психологтары Г.Алибаева, З.Уразова, «Амангелді» негізгі орта мектебінің педагог-психологы А.Абдуллаева, Т.Титов атындағы жалпы білім беру базасының педагог-психологы М.Ажибекова өз тәжірибелерімен бөлісіп, ата-ана мен бала арасында қарым-қатынас байланысы туралы тренингтер, шебер сынып өткізді.
Семинарға қатысқан әрбір педагог-психолог білім алушыларға, ата-аналарға арналған тренинг жоспарын таңдап алған әдістер мен тренингтік жаттығуларды, оны практикада қолдану үшін тәжрибелермен бөлісті. Семинардың қорытынды бөлімінде тиімді кері байланыс жасалып, өзара пікір алмасты.
ОТЫРАРЛЫҚ ОҚУШЫ БАЛАПАН АШАТЫН ИНКУБАТОР ЖАСАП ШЫҚТЫ
Отырар ауданы, П.Айтменов атындағы негізгі орта мектебінің мұғалімі Арапбай Саматтың жетекшілігімен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, шәкірттерді өндіріске қажетті технологияларды жасауға, игеруге баулу мақсатында 7 сынып оқушысы Оразбек Елнұр жарамсыз болып қалған ескі тоңазытқыштың сыртқы жәшігін пайдаланып, үй құстарының жұмыртқасынан балапан ашатын инкубаторды жасап шықты.
Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Бұл құрылғының қуаттылығы бір мезгілде 250 үй құстарының жұмыртқасынан балапан ашып шығаруға қауқарлы.
Еліміздегі құс өсіру шаруашылығын дамытуына өз үлесімізді қосу мақсатында алдағы көктем мезгілінде бөдене, қаз, тауық, үйрек т.б. үй құстарының жұмыртқасынан балапан өсіру жоспарлануда.
«ЖАС БАРЫС» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ
Ағымдағы жылдың 6-8 қараша аралығында Қазақ күресінен 2003-2005 ж. жастар және 2006-2007 ж. жасөспірімдер мен 2008-2009 ж. кіші жасөспірімдер арасындағы «Жас барыс» республикалық турнирінің облыстық кезеңіне қатысқан Бәйдібек ауданы, Т.Қазақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып, 11-сынып оқушылары Пернебай Ерасыл, Атайбек Қуандық ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, «Жас барыс» қазақ күресінің республикалық кезеңіне жолдама алды.
«ЗЕРДЕ» ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Бәйдібек аудандық М.Әуезов атындағы ІТ-мектеп-лицейінде 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» ғылыми жобалар байқауы өтті.
Мақсаты: балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын арттыру, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру, дарынды оқушылардың жұмысын дамыту.
Аталған ғылыми жоба байқауына өзіндік қабілеті ерекше, ізденімпаз оқушылар мен шығармашыл жетекшілер қатысты. Әр сыныптың деңгейіне сәйкес ғылыми тақырыптар төңірегінде жұмыстар қаралды. «Білімді болу – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» — деп, белгісіз нәрсенің құпиясын ашуға ұмтылған дарынды оқушылар жұмыстарын жан-жақты талдап, жаңалықтарымен бөлісті.
Әділқазылар алқасы оқушы жұмыстарына кері байланыс беріп, құнды зерттеу жұмыстарын ұсынған оқушыларды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
«ӘСЕТ ӘССАНДИ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ» МАРАПАТТАУ КЕШІ
Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты Кеңес Одағының батыры Б.Оңтаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің ең алғашқы түлегі, тұңғыш «Алтын медаль» иегері Әсет Әссандидің былтырғы оқу жылынан бастап, үздіктердің ішінен үздіктерді анықтайтын дәстүрлі түрде тоқсан сайын өткізілетін «Әсет Әссанди олимпиадасының» марапаттау кеші өтті. Аталған салтанатты кешке аудан, облыс көлеміне танымал қадірменді қонақтар мен Әсет ағаның ұстазы да арнайы келді.
Әсет Әссанди, өзінің туған өлкесінен, өзінің түлеп ұшқан мектебінен келешекке нық қадам басып, алға қарай ілгері жылжу үшін құлшынысы мол, білімді, дарынды шәкірттердің көптеп шығуына бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп келеді. Сол үшін, әр тоқсан сайын 5-9 сыныптардағы үздіктер арасында әр буынға 3 орыннан анықтап, нәтижесі бойырша іріктелген 15 оқушыға өз отбасы атынан марапаттау мен стипендиялар тағайындады.
Кеш барысында Әсет Әссанди сынып жетекшілері мен тексеру комиссиясына алғысын білдіріп, арнайы дипломдармен марапаттады. Шәкірттер мен ата-аналарының және сынып жетекшілерінің қуанышында шек болмады. Әсет Әссандидің бұл игі ісі-келешек ұрпаққа үлгі-өнеге!
Ер ісін жалғастырар, елім деген ұрпағымыз көп болсын!
«МАХАМБЕТ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ
2023 жылдың 9 қараша күні Түркістан қаласы, Н.Төреқұлов атындағы №8 мектеп-гимназиясының базасында Республикалық «Махамбет оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтуде.
Байқаудың мақсаты: мектеп оқушылары арасында Махамбеттің ұлтына ұран болған рухы биік туындыларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру.
Байқауға Түркістан облысының аудандық, қалалық білім бөлімдерінен және 4 мамандандырылған білім бөлімдерінен жалпы саны 91 оқушы қатысуда.
Байқауға қатысушыларымызға сәттілік тілейміз!
«ІІІ ЫБЫРАЙ ЖАЗУЛАРЫ» БАЙҚАУЫ
Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «ІІІ ЫБЫРАЙ ЖАЗУЛАРЫ» тақырыбындағы дәстүрлі облыстық жазба жұмыстары байқауы басталды.
Байқау мақсаты: педагогтер арасында ең алғаш қазақ даласына мектеп ашқан, орыс жазу таңбалары негізінде қазақ әліпбиін құрастырушы – Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау; педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыру, қазақ даласында «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш», «Дала қоңырауы», «Педагогиканың таза бұлағы» атанған ұлт ұстазының еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту;
қазіргі өмір ағымының, техниканың қарқынды дамыған тұсында, сауатты тұлғаны қалыптастырушы педагогтардың мемлекеттік тілде оқу, жазу сауаттылығын арттыру.
Байқауға білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, өзбек, тәжік тілдері мен әдебиеті, ағылшын тілі және жалпы пәндер (тарих, география, химия, биология, математика, физика, көркем еңбек) мұғалімдері қатысуда.
Сондай-ақ, 5 секция бойынша жұмыс жүргізілуде.
Байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жұмыстар Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының Бас жүлде-біреу, І (біреу), ІІ (екеу), ІІІ (үшеу) дәрежелі дипломдарымен, «Алғыр ұстаз», «Ізденімпаз ұстаз» «Үздік тілмаш» номинацияларымен марапатталатын болады.