Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
«ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ФЕСТИВАЛІ» БАЙҚАУЫНА 34 ПЕДАГОГ ҚАТЫСТЫ
Таяуда Сауран ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептердің мектепалды даярлық және бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсат-міндеті – педагогтердің кәсіби өсуі мен өзін-өзі шығармашылық жағынан жетілдіруін ынталандыру, бірыңғай ақпараттық-білім кеңістігінде заманауи педагогикалық тәжірибені жинақтау және насихаттау, педагогтердің ақпараттық-коммуникациялық және технологиялық құзыреттіліктерін арттыру;
Педагогтердің кәсіби шеберлігін көтеру;
Озық педагогикалық тәжірбиелерді тарату;
Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу практикасында жаңа педагогикалық техналогиялар мен әдістерді енгізу;
Мұғалімдерді білім беру және технология саласындағы әдістемелік құзыреттілікті кеңейтуге ынталандыру;
Бірлескен, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тарту;
Фестивалдің аудандық кезеңіне мектепалды даярлық сыныптарынан — 7 мұғалім, бастауыш сынып мұғалімдерінен 34 педагог қатысты.
Фестиваль қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болған Төле би атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Неметова Шахзода және Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектептің мектепалды даярлық сынып педагогі Мирзалиева Айгерім облыстық кезеңге жолдама алды.
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДА «ЖАС ҚҰТҚАРУШЫ» ЖАРЫСЫ ӨТТІ
Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің ұйымдастыруымен 17-20 қараша күндері аралығында Төлеби ауданы Біркөлік шатқалындағы туристік лагерде «Жас құтқарушы» атты мектеп оқушылары арасында өтетін облыстық туристік жарысы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты:
— Оқушылардың туристік ептіліктері мен шеберліктерін арттыру;
-Топтар арасынан үздік туристік топтарды анықтау;
-Құтқару жұмыстарын үйрету;
-Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету.
Облыстық туристік жарысқа «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-не қарасты Түркістан, Кентау, Арыс қалалық, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт, Отырар, Созақ, Келес аудандық бөлімдерден жалпы 110 оқушы қатыстырылды.
Туристік жарыс «Кедергілер жолағы», «Құтқару жұмысы», «Жауынгерлік киім кию», «Алғашқы медициналық көмек көрсету», «Патриоттық ән», «Сұрақ-жауап» кезеңдері бойынша жарысқа түсті.
«Жас құтқарушы» атты мектеп оқушылары арасында өтетін облыстық туристік жарысының қорытындысы бойынша:
І орын — Төлеби ауданы, жетекшісі Қаныбеков Бахтияр;
ІІ орын — Түркістан қаласы, жетекшісі Тұрсын Ермек;
ІІІ орын — Түлкібас ауданы, жетекшісі Қабылбай Бектұрсын.
Жеңімпаз топтар «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің І, ІІ, ІІІ ж.
ОҚУШЫЛАР ӨЗ ӨНЕР ТУЫНДЫЛАРЫМЕН МЕКТЕП ІШІН БЕЗЕНДІРУДЕ
Отырар ауданына қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ашылған “Қылқалам шеберлері” мен “Шебер қолдар” үйірмесінің жетекшілері шәкірттерін қолөнерге баулып, сурет салудың қыр-сырын үйретіп келеді.
Бейнелеу шеберлігінің асқаралы биігіне жету, көркем көре білуді дамыту жөне көргендерін өз шығармаларында бере білу нақ осы суреттен басталады.“Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады”,-деп дана халқымыз айтқандай үйірмеге қатысушы оқушылар өз өнер туындыларымен мектеп ішін безендірді. Жас шәкірттердің өнер туындылары бүгінде мектепке әсемдік сыйлап тұр.
ШЕКАРА ҚЫЗМЕТКЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Мақтаарал ауданы білім бөлімінің Ы.Алтынсарин атындағы №26 жалпы білім беретін мектебінде алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы кіші сержант Сериков Мухит Алмаханбетұлының ұйымдастыруымен ҰҚК Шекара қызметінің «Мырзакент» шекара басқармасының жоспары аясында «Бостандық» шекара бөлімшесінің бастығының тәрбие ісі бойынша орынбасары, лейтенант Жандарбеков Наурызбектің қатысуымен мектеп оқушыларына кездесу өткізілді.
Мақсат — болашақ ел қорғаны болатын офицерлерге әскери оқу орындары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Еліміздің патриоттарын көбейту.
Кездесу барысында шекара бөлімшесінің қызметкері өз мамандығы жайлы оқушыларға кеңінен түсіндіріп, шекара қызметінің маңызды әрі жауапты іс екенін оқушылар назарына жеткізді.
Сонымен қатар әскери факультеттер және шекара қызметкері мамандығын таңдау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқушылар тарапынан қойылған әрбір сұраққа кеңінен жауап берілді.
ТӨЛЕБИЛІК ОҚУШЫ ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ЖЕҢІП АЛДЫ
Облыстық «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасы мен республикалық «Ақылдым» журналы ұйымдастырған «Ақылды балаға – сыйлыққа «Ақылдым» акция-байқауы мәресіне жетті.
Аталмыш акция-байқаудың ақтық кезеңінде 18 бала сынға түсті. Нәтижесінде Төлеби ауданындағы Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 7 сыныбында тәлім алып жүрген үздік оқушы, Кеңесарық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы Думан Жақсылық І орынды жеңіп алды. Байқау жеңімпазы ретінде Думан Бақытұлына Дубайға жолдама берілді. Бұл жолдама төлебилік оқушының үш ересек адаммен бірге барып қайтуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Думанға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің Алғыс хаты, «Ақылдым» журналын алты ай бойы тегін оқуға мүмкіндік беретін сертификат, басқа да сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, байқаудың ақтық кезеңі барысында «Бала жазған ертегі» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Осы жинаққа Думанның қиялынан туған ертегісі де енді.
КЕНТАУ ОҚУШЫЛАРЫ ТАШКЕНТТЕН ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Ағымдағы жылдың 18 қараша күні Өзбекістан астанасы Ташкент қаласында «Азия таланттары» халықаралық өнер байқауы өтті. Аталған өнер байқауына Кентау қаласы білім бөліміне қарасты «Кентау балалар көркемсурет мектебінің» шәкірттері бейнелеу өнері жанры бойынша қатысып, бақ сынады.
Байқау барысында Кентау қаласының талантты, жас қылқалам шеберлері: Абдувахапова Наили және Серік Жансұлуға ІІ — дәрежелі диплом және медаль табысталды. Жетекшісі Абдуллаева Нафиса Алимджановна «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қос шебердің салған шығармасы: «Екі ел өнерінің коллаборациясы» және «Достық» деп аталады.
Жеңіс құтты болсын! Жас суретшілерге шығармашылық табыс тілейміз!
ОРДАБАСЫЛЫҚ ОҚУШЫ «ҒАРЫШТЫҚ АППАРАТ ЖӘНЕ РАКЕТА ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР» ТАҚЫРЫБЫНДА ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗДІ
Ордабасы аудандық білім бөліміне қарасты «Зерде» жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы Басимбекова Жаңыл ұстазы, физика пәні мұғалімі Салтанат Бахтиярқызының жетекшілігімен «Ғарыштық аппараттар және ракета тасымалдаушылар» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізді. Белгілі бір бағытта жүріп отырып, ауа температурасын өлшеп, шыңдағы тау жыныстарын зерттеп-талдау, оны қашықтан басқару мақсатында ғарыштық аппарат және ракета тасымалдаушы құрылғы жасады.
Ғылыми зерттеу жұмысты жазу барысында төмендегі жайттарды жасағысы келді:
1. Гравитациялық кеңістік мәселесіне назар аудара отырып, күнделікті тұрмыстағы жағдаймен келесі бір планетаны байланыстыру, ұштастыру;
2. Осы аппарат арқылы кішірек болса да планета туралы өзгеріс енгізу.
Бұл идея ең алдымен Қазақстан аумағында сапалы ақпараттық һәм телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапсын деген мақсатта жасалынды. Бұл ретте қазақстандық аппарат Қазақстан, Орталық Азия мен Ресейдің біршама аумағына арзан әрі сапалы байланыс түрлеріне өз пайдасын тигізбек.
Бүгінгі күні елдегі хабар тарататын телеарналар мен байланыс операторлары бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жерсеріктеріне жүгініп келеді. Тұңғыш «ҚазСат-1» жерсерігі сәтсіздікке ұшырғаннан кейін отандық операторлар шетелдік спутниктік қызметті пайдалануға мәжбүр болған. Сол себепті бұл жұмысты дамытып, тәжірибе жасағысы келді.