Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде бүгін бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
ШАРДАРАЛЫҚ ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ КӘСІПКЕР
Шардаралық кәсіпкер Данияр Омаров отбасының атынан 20 мектептің асханасына қажетті керек жарақтарды тарту етті. Атап айтқанда, ауыл мектептерінің сұранысына қарай тоңазытқыш, аристон, желдеткіш, қол жууға арналған қазандықтар мен басқа да көптеген мектеп асханасына қажетті жабдықтар үлестірілді.
Бүгін таңда Шардара ауданы бойынша бастауыш сыныпта оқитын 8181 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Бұдан бөлек, кәсіпкер жыл сайын тамыз айында өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған 1500 балаға мектепке қажетті заттар алып берген.
20 мектепке тарту етілген заттарды тапсыру үшін өткізілген жиында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Нұсқабаева аталған мектеп ұжымы атынан кәсіпкерге алғыс білдірді.
— Мен бұл жасаған қайырымдылық ісімді мақтану үшін емес үлгі ретінде көрсеткім келді. Мектептерде ыстық тамақпен қамтылып отырған біздің жас бүлдіршіндерімізге қолайлы жағдай жасап, олдардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау әрқайсысымыздың міндетіміз деп білемін. Маған бүлдіршіндердің шынайы күлкісі мен елдің ыстық ықыласы маңызды.
Алдағы уақыттада қолымыздан келгенше көмектесіп отыруға дайынмын,»- деді кәсіпкер Данияр Омаров.
«ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ» БОЙЫНША САЙЫС ӨТТІ
Бәйдібек ауданының білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы ІТ мектеп-лицейінде «Даналық клубы-әжелер мектебі” ұйымының позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру және дамыту жөніндегі жұмысының ажырамас бөлігі ретінде жоспарға сәйкес 5-6-7 сынып оқушыларының әжелері бас қосып, «Қол өнер — сырлы өнер» тақырыбында әжелер сайысы болып өтті.
Сайыс барысында әжелер мен немерелер таныстыру, өз өнерлерін (ұршық иіру, кесте тоқу, бесік жыры) көрсету, сұрақ жауап т.б. тур бойынша сайысқа түсті. Сайыс барысында әжелеріміз өрімдей өсіп келе жатқан қыздарымызға иба, инабаттылық және мәдениеттілік туралы тәлім тәрбиелерін толық жеткізе білді.
«АСЫҚ АТУ» ЧЕЛЛЕНДЖІ ӨТУДЕ
Бәйдібек ауданының білім бөліміне қарасты М.Әуезов атындағы ІТ мектеп-лицейінде «Тоғыз айға — тоғыз іс-шара» тұжырымдамасы аясында ұлттық ойындар челленджі өткізілді. Оқушылар, ұлдар арасында «Бес табан» және қыздар арасында «Бес асық» ойындарын ойнады.
Челлендж мақсаты – білім алушыларды рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық бағытта тәрбиелеу, мәдени құндылықтарды сақтау және ұлттық ойындарды дәріптеу.
Ұлттық ойындар баланың еңбекке деген қарым-қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді. Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуін насихаттау, халқымыздың, баршамыздың міндетіміз деп білейік.


