Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхызының бастамасымен МДББ «Қамар апа» балабақшасы жеке мекемесінде өткен қалалық тәжірибелік семинар жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруге арналды. «Мектепке дейінгі ұйымда заттық дамытушы ортаны ұлттық құндылықтар негізінде қолдану арқылы балалардың қабілеттерін дамыту» тақырыбын арқау еткен семинар балаларды қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыра отырып, патриоттық сезімге баулу арқылы дидактикалық, логикалық ойындар түрінде танымдық, шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Аталған семинарда Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы, бөлімнің әдіскері Айгерім Оңлабекқызы және қаламыздағы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтары «Қамар апа» балабақшасы ұжымының жұмыстарымен танысты. Өз кезегінде тәрбиешілер В.Абдужалилова, Д.Сунақбаева, С.Бертаева, С.Макашева және Д.Ергешова, сонымен қатар педагог-психолог Р.Мамырова мен музыка жетекшісі С.Кныш өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарға қатысушылар тәжірибесімен бөліскен мамандардың жұмыстрына өз пікірлерін білдірді. Педагогтардың тәжірибелеріне оң бағасын берген Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы және бөлім әдіскері Айгерім Оңлабекқызы семинарды қорытындылап, балабақша меңгерушісі Ж.Сайдуллаева және балабақша әдіскері С.Таймұратоваға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар тәжірибесімен бөліскен педагогтарды бөлім басшысының марапатына ұсынды.