Бүгінде қай сала немесе қандай мекеме болмасын, олардың халыққа берген есебіне көз жүгіртсеңіз, сыбайлас жемқорлықпен барынша күресіп жатқан кейіп танытады. Бірақ, сол есептің шынайылығына күдікпен қарайтындар да аз емес. Өйткені, күн сайын бір жемқор ұсталады. Жемқорлықты жою үшін жыл сайын мемлекет тарапынан қыруар қаржы да бөлініп жатыр. Бірақ, нәтиже көңіл көншітпейді. Мемлекет басшысы айтқандай, шын мәнінде, әділетті елге айналамыз десек, бүгінгі қоғам сыбайлас жемқорлық көріністерінен барынша тазаруы тиіс. Бұл заңсыздықтың жолын кеспей, әділетті қоғам құру, адал азамат қалыптастыру мүмкін емес.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жемқорлардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Сарапшылардың мәліметінше, биыл сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде 1000-нан аса сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Оның 800-ге жуығы ауыр, 280-нен астамы ауырлығы орташа қылмыс екен. Қылмыстың басым бөлігі алаяқтық, пара беру мен мен алуға байланысты болып келеді. Әсіресе, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану мен сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету, парақорлыққа делдал болу сынды әрекеттер жиі кездеседі. Жалпы, 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Бұл жолы кесілгендері ғана, ал, айласын асырып, құтылып кеткендердің қоғамға қаншалықты зиян келтіргені белгісіз…
Мысалы, жақында Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент тарапынан жүргізілген мониторинг барысында 7 мемлекеттік орган басшысының жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзу фактілеріне жол бергені анықталды. Нәтижесінде, аудан әкіміне, облыстық басқарма басшысына, 2 ауыл әкімі мен 3 бөлім басшысына 1,7 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Олар мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа заңмен талап етілетін декларацияларсыз қабылдаған.
Осындай фактілердің көбеюіне байланысты елімізде жемқорлық қылмысы бойынша сотталған азаматтардың тізімі арнайы сайтта жарияланбақ. Бұл туралы Ташкент қаласында өтіп жатқан аймақтық конференцияда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші қызмет басшысының орынбасары Жігер Байділдин баяндады. Оның айтуынша, қоғамдық бақылауды күшейту үшін жемқорлардың тізімін жариялауға қатысты заңнамалық нормалар пысықталып жатыр.
– Егер лауазымды тұлға немесе шенеунікке қатысты сот үкімі шығатын болса, онда ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің реестріне енгізіледі. Бұл деректер әрі қарай арнайы сайтта жарияланады. Кез келген азамат сайтқа онлайн кіріп, лауазымды тұлғаның қандай бап бойынша сотталғанын, қанша қаражат жымқырғанын көре алады, – деді Жігер Байділдин.
Әрине, парақорлардың тізімін жариялау бойынша әуелі заңнамалық актілерді қабылдау қажет. Агенттіктің мәліметінше, бекітілуі мүмкін ереже ешкімнің заңды құқығын шектемеуі және ҚР Конституциясының талаптарына қайшы келмеуі тиіс. Ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукеновтің айтуынша, бұл жүйе жұмыс берушілер үшін тиімді болмақ. Нақтырақ айтатын болсақ, қандай да бір үміткерді қызметке алмас бұрын мекеме басшысы сол сайтқа кіріп, өзіне керекті мәліметтерді толық біле алады.
Сот үкіміне сай жазасын өтеп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынған уақытын өткергеннен кейін реестрде тұрған азаматтардың деректері тізімнен алынып тасталуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі әзірге бұл талаптарды пысықтау үстінде.
Т.Сейітханқызы.