Қазіргі қазақ қоғамындағы бір проблема – отбасыдағы зорлық-зомбылық, соның ішінде ана мен бала құқығын қорғау мәселесі болып тұр. Соңғы уақытта ел арасында резонанс тудырған оқиғалар заңға өзгерістер енгізу қажеттігін айқындай түсуде. Біз тілге тиек еткелі отырған алимент мәселесі кісі өлтіру, адамға ауыр дене жарақатын салу, тонау секілді ауыр қылмыстар санатына жатпағанымен, зардабы олардан бір де кем емес, әлеуметтік салдары өте үлкен.
Елімізде алимент төлемей жүрген борышкерлердің қарызы бүгінде 7 млрд. теңгеге жеткен. Құқық қорғау органдары қарызын төлемей жүрген 1 618 адамды іздестіруде. Олардың бір легі жұмыссыз болса, қалғандары табысын жасырып жүргендер. Асығыс шешім қабылдап, ақырында ажырасып тынудың зардабын ең бірінші кезекте сәбилер тартатыны белгілі…
142 әйел іздеуде жүр
Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда алимент төлейтін 270 мыңнан астам адам бар. Оның
14 мыңнан астамы проблемалық өндірулер болып табылады. Яғни оларды 3 айдан аса уақыт алимент төлемей жүрген немесе мүлдем төлемейтіндер деуге болады. Қазір облыстық прокуратура алимент өндіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Прокурорлық шаралардың нәтижесінде бүгінге дейін 1 472 балаға 121,8 млн. теңге алимент өндірілген. Айта кетейік, борышкерлер өз балаларына алимент төлеуден жалтарған жағдайда әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Былтыр 163 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 86-сы қамауға алынып, 2 борышкерге айыптау үкімі шықты.
Жыл сайын республикалық жеке сот орындаушылар палатасы өндірілмеген алимент істеріне байланысты деректерді жариялап отырады. Оның ішінде мүлдем алимент төлемегендердің ісі де, ара-тұра берешегін өтегендердің ісі де бар. Осыған байланысты берешек көлемі бірде жоғарыласа, бірде төмендеп отырады. Тіпті, жеке сот орындаушылардан қашып, нақты табысын жасырып жүрген азаматтар да аз емес. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, іздеудегі адамдардың 1 476-сы – ер адамдар, 142-сі – әйелдер. Өткен жылдың қыркүйек айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев осы мәселеге байланысты ақпараттарды ортаға салды.
«2023 жылдың 6 айында алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2861 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7219 борышкерге елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіру бойынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеу шараларын қолданады».
Сонымен қатар, министр өз сөзінде кейбір жағдайларда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғатынын атап өтті. Осыған орай облыстардағы әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мәселен, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2101 борышкер жұмысқа орналастырылған.
Күрес тиімді жүргізілмейді
Қай ата-ана болмасын кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Ерлі-зайыптылардың ажырасуы кезінде көп жағдайда бала кіммен қалады деген мәселе туындайды. Бірақ алиментті тек балалар ғана емес, заң бойынша басқа адамдар да ала алады. Айталық, алимент кәмелет жасқа толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға, еңбекке жарамсыз ата-анаға, 18 жасқа толғанға дейін мүгедектігі бар балаға күтім жасауға, бірінші, екінші топтағы мүгедек деп танылған балаларға, жүкті әйелдерге, еңбекке жарамсыз ерлі-зайыптылардың біріне төленеді.
Бұдан бөлек, қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ, асырап алынған балалар да алимент алуға құқылы. ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 6-бабына сәйкес, алимент баланың ата-анасынан немесе басқа заңды өкілдерінен өндіріледі және ол баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады. Кодекске сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Демек, ажырасқан ерлі-зайыптылар баласы кәмелет жасқа толғанша алимент төлеуі керек. Ал, егер бала колледжде немесе ЖОО-да оқыса, онда алимент төлеу мерзімі бала 21-ге толғанша ұзартылады.
Алименттен қашып жүргендердің шоттары бұғатталып, оларға елден шығуға тыйым салынады. Жүргізуші куәлігінен айрылып, нотариаттық іс-әрекеттер жүргізуге де тыйым салынады. Ал, қасақана алимент төлеуден жалтарса, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Қылмыстық Кодексінде үш айдан аса алимент төлемегендерді 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сынды жаза қарастырылған.
Белгілі заңгер Байбол Анефияевтың айтуынша, алименттен қашудың басты себебі, ата-ананың жауапсыздығына келіп тіркеледі.
– Алимент төлемеудің негізгі 2 себебі бар. Бірі – әкелердің жауапсыздығы болса, енді бірі – жалақының аздығы. Қазіргі таңда елімізде орташа айлық көрсеткіші 340 мың деп белгіленген, бірақ бұл көрсеткіштен де аз жалақы алып жүргендер көп. Айлығы небәрі 100 мыңға жетер-жетпес адам қалай алимент төлей алады? Ал, алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелердің жасырын жұмыс істеп, айлығын әдейі азайтып көрсетіп, қымбат көлікпен жүргендерін немесе басқа отбасын құрып, ондағы туған балаларымен шетелдерге қыдырып жүрген кездерін көп көреміз, – дейді заңгер.
Сонымен қатар, ол мемлекет тарапынан алимент төлемейтіндермен күрес тиімді жүргізіліп жатпағанын айтады.
– Алимент төлемейтіндерге қарсы күрес көбіне формальды есеп беру үшін ғана жүргізілетіндей. Бұған негізінен қолданыстағы заң нормаларының бүгінгі талапқа сай еместігі және отбасы институтының құлдырауы себеп. Алимент – отбасының дұрыс құрылмауы салдарынан туындаған проблемалардың жалғасы, ал, мемлекеттің отбасы проблемасына кірісуі дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ, қазіргі таңда, өкінішке қарай, отбасы құндылықтары құлдырап, ажырасу белең алып отыр, – дейді ол.
Жазалау түрлерін өзгерту керек
Байбол Анефияевтың пікірінше, алимент өндіру ісін, заңнаманы түбегейлі өзгерту керек.
– Алиментті аз мөлшерде төлеу үшін қолданыстағы заңдардың осал тұстарын пайдаланып, борышкерлер жұмыс берушімен келісіп немесе формальды түрде таныстарына тіркеліп, ең төменгі айлықты көрсетеді. Соның үлесінен алимент төлей бастайды. Мысалы, 70 мың теңгеден — бір балаға 17 500 теңге, екі балаға 23 333 теңге, үш және одан көп балаға 35 000 теңге алимент төлейді, – дейді ол.
Бұл сома киім-кешек, күнделікті тұрмыстық шығындарды қоспағанда, ай сайынғы тамаққа да жетпейді.
– Сондықтан ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 139-бабына өзгеріс енгізу қажет. Яғни әр балаға алимент айлық күнкөріс деңгейінен (2023 жылы — 40 567 теңге) кем болмауы қажет. Осы арқылы ақшасын баласына жеткізе алмай жүрген аналардың проблемасын шешіп, жұмыссыздық санын азайтуға болады. Ең бастысы, алимент төленген кезде әкенің баламен қарым-қатынасы жақсара түседі, – дейді заңгер.
Бұдан бөлек заңгер алимент төлемейтін борышкерді жазалау түрін де өзгерту керек деп есептейді. Қазіргі заң бойынша алимент төлемегені үшін борышкерді екі бап бойынша жазалайды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 669-бабы бойынша 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Бұл баптар нақты нәтиже бермейді. Себебі, борышкерден алименттің өзін өндіре алмай жүргенде, мемлекет пайдасына айыппұл төлету мүмкін бе?! Бес күндік қамауға алудың да ешқандай әсері жоқ. Керісінше, борышкерді бес күн асырауға мемлекеттен пәленбай ақша жұмсалады.
Екінші, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
– Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкес, алимент төлемеген борышкерді әкімшілік жауапқа тартып, сот актісінің негізінде еріксіз жұмысқа салу қажет. Жұмыс орындарымен жергілікті әкімшілік қамтамасыз етсе болады. Мысалы, әр әкімшілік көше тазалауға, жол салуға ақша бөледі, борышкерлерді сол жұмыскерлер қатарына қосуға болады. Осының нәтижесінде, алимент төлемей жүрген борышкерлер ашық жұмысқа кіріседі, – деп түйіндеді сөзін заңгер.
Қорыта келе айтарымыз, алимент мәселесі басқа елдерде де өте өзекті. Мәселен, Түркияда алимент балаға ғана емес, анаға да төленеді. Ажырасқан ер адам әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндеттеледі. Оңтүстік Кореяда алимент төлемегендерге аяушылық жоқ. Егер бір жыл бойы алимент төлемесе, 8 мың доллар айыппұл салады. Сонымен қоса, көлік жүрізу құқығынан айырып, шетелге шығуға тыйым салады. Еуропа елдерінде де алимент төлеуден қашқан ата-анаға қатаң жаза қолданылады. Мәселен, Францияда алимент төлеуден жалтарғандарды 2 жыл бас бостандығынан айырады екен. Бұдан бөлек, 15 мың еуро көлемінде айыппұл салады. Жалпы, қоғамда ұрпақ тағдырына, бала болашағына жауаптылықпен қарау мәдениетін қалыптастыру маңызды. Өйткені, адамның санасы өзгермесе, мәжбүрлеу шараларынан соншалықты нәтиже шықпайды. Ең бастысы, әрбір әке ұрпағы алдындағы өзінің қарызы мен парызын терең ұғынуы керек. Қазақтың «е, Алла, пендеге сана бер!» деуінің сыры осында…
Т.ЗЕБЕРХАНОВА.