Есірткі – табысты бизнес көзі ғана емес, адамзатты тура жолдан тайдыратын ең қатерлі кесел. Сондықтан да онымен күрес бір сәтке де тоқтамауы тиіс. Өйткені, есірткі өсірумен, оны өндіріп, сатумен айналысатын қылмыскерлер ел ішінде аз емес. Сол себепті, облыстың тәртіп сақшылары бұл қылмыстың алдын алуды босаңсытқан емес.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін облыстық полиция департаменті тарапынан ауыздықталған бірнеше қылмыстық оқиғаны оқырман назарына ұсынғымыз келеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 2023 жылдың өн бойында облыс полицейлері есірткіге қарсы іс-қимыл шараларын күшейткен. Мәселен, күні кеше ғана облыстық полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері сарыағаштық полицейлермен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын сақтап, өткізді деген күдікке ілінген Сарыағаш ауданының тұрғынын құрықтады.
Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың айтуынша, күдіктінің үйінің ауласы мен сарайын тінту кезінде 2 түп есірткіге ұқсас өсімдік пен 20 литрлік ыдысқа салынған құрамында есірткісі бар заттар табылған.
– Бұдан бөлек, 50-ден астам сіріңке қорабы мен 2 пластикалық контейнерге салынған марихуанаға ұқсас есірткі табылды. Табылған дәлелдемелерді сараптамаға жібердік. Оның қорытындысына сәйкес, әлгі зат салмағы 15 келіден асатын марихуана болып шықты, – дейді Құрманбек Сатынбекұлы.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қазір қамауда отыр.
Түркістан қалалық полиция басқармасы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістаннан Қызылордаға шығатын күре жолдың бойында есірткі сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тексеру кезінде одан есірткіге ұқсас зат салынған полиэтилен пакет табылды. Полицейлер оны айғақты зат ретінде тәркілеп, сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы оның кептірілген марихуана екендігін растады. Есірткінің жалпы салмағы 1 келіден асады. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тағы бір мысал, Түлкібас ауданының тәртіп сақшылары мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары таяуда есірткі тасымалдаған тағы бір күдіктіні құрықтады. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында жүйткіп бара жатқан «Ваз» маркалы автокөлікті тоқтатады. Тәртіп сақшылары көлікті тінту кезінде ішінен есірткі секілді өсімдік салынған қапшық тауып алады. Айғақты зат ретінде алынған өсімдікке сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша табылған зат салмағы 2 келіден асатын марихуана болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы 1-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Иә, есірткінің алдын алуға қатысты тәртіп сақшылары тарапынан қаншама іс-әрекеттер, арнайы шаралар ұйымдастырылғанымен, қылмыстың бұл түрін түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені, оның алдын алу үшін полицейлерге әрбір тұрғынның көмегі қажет.
Д.ТҰРСЫНҰЛЫ