Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер-азаматтың қастерлі, парызы һәм міндеті. Өткен жылы Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны ойдағыдай өтті.
Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жастарға ақ жол тілеп, ізгі ниетін жеткізген-ді.
– Өткен жылы Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде әскер қатарына 4500-ге жуық ер-азаматты шақыру жоспарланған. Көктемгі және күзгі науқанда әскерге шақыру жоспары артығымен орындалып отыр. Жалпы өңірімізден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 610, Мемлекеттік күзет қызметіне – 44, Қарулы күштер сапына – 1869, Төтенше жағдайлар әскерлеріне – 81, «Ұлттық ұланға» 1729 азамат жіберілді. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, Жарғымен белгіленген талаптарды орындау – парыз және қасиетті міндет. Уақыт алмасады, ұрпақтар өзгереді. Бірақ, Отанға сүйіспеншілік, қажырлылық, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Жалпы, облыстан әскерге шақыру науқаны кезінде 4500-ге жуық жігіт әскерге жіберілді. Жыл сайын еліміздің әскер қатарына 4 мыңнан астам сарбаз аттанады. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады.