Ғаламтор – адамзаттың ең үлкен жетістігі. Адамдар оны қолдану арқылы өте алыс қашықтықты бағындырып, басқа елдер мен құрлықтармен еркін байланыс орната алады. Ғаламторды дін саласындағы отандық ғалымдар, сарапшылар, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері мен мемлекеттік қызметшілер өз жұмыстары барысында діни ақпараттарды насихаттауға қолданады.
Ғаламтордағы ақпараттарды ашып көру және оқып, пікір қалдыру жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте көш басындағы мемлекеттердің бірі. Деструктивті діни ағымдар осыны оңды пайдаланып, аудиторияларын кеңейтуге күш салуда. Ғаламтордағы көпшілікке танымал бейнехостингтерде, ақпараттық мессенджерлерде өздерінің идеологияларын таратуда. Айта кетейік, дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда «деструктивті» немесе «теріс пиғылды діни ағымдар» деп атайды. Яғни «деструктивті» деген сөз латын тілінен аударғанда «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді.
Ғаламтор желісіндегі теріс пиғылды діни ағымдар халықтың сеніміне кіріп, өз ұйымдарына пікірлес адамдарды көптеп тартуды көздейді. Қазіргі ақпараттық қоғамда олар үшін әлеуметтік желілер арқылы насихат жұмысын жүргізу тиімді болып отыр. Деструктивті діни ұйымдар идеологияларын тарату мақсатында «В Контакте», «YouTube», «Facebook», «Instagram», «TikTok» желілерін қолданып, осы арқылы экстремистік және террористік идеяларды халықтың санасына сіңіріп жатқанын көріп отырмыз.
Теріс пиғылды діни ағымдардың салдарынан азаматтардың мемлекетке деген сенімдері төмендеп, отансүйгіштік сезімдері жоғалуда. Қоғамның жік- жікке бөліну қаупі туындауда. Экстремистік идеологиялардың ықпалындағы діни ағымдардың қоғам мен мемлекетке қарсы зорлық-зомбылық әрекеттер ұйымдастыруға дайын болатыны белгілі. Оған әлемнің әр жерінде орын алып отырған радикалды діни ағым өкілдерінің қылмыстық істері мен лаңкестік әрекеттері дәлел. Дінде адасқан адамды қайта тура жолға салу өте қиын.
Бүгінде «Виртуалды Халифат» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл виртуалды қоғамда өмір сүретін адамдар шариғатпен емес, әлеуметтік желілердің жазылмаған заңдарымен жүреді. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа әрі түсінікті болып келеді. ЛГБТ-ға қатысты толеранттылыққа деген мақсат та астыртын жүргізілуде. Осыдан-ақ террористік ұйымдардың қандай жоспарда, қалай жұмыс істейтініне көз жеткізуге болады.
Қоғамымызда орын алып отырған осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде ғаламтор желісін ерекше бақылауға алу ең өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан экстремистік және террористік идеологияны насихаттаушылардың негізгі ниетін, зиянды әрекеттерін әшкерелейтін ақпараттарды осы ғаламтор бетінде дер кезінде, белсенді түрде таратып отыру керек. Мұндай идеологияның қаупі туралы ғаламтор ақпараттарын, теле, радио бағдарламаларын көптеп шығаруға баса мән беру қажет. Бұл ақпараттар мен бағдарламаларда ислам дінінің соғыс пен қантөгіске жол бермейтіндігі, терроризм мен діннің бір-бірімен еш уақытта қабыспайтындығы кеңінен насихатталуы керек.
Діни мәлімет қажетті пәтуә іздеген әрбір азамат шетелдік ғаламтор сайттарына жүгінбей, ҚР Дін істері комитетінің жобасы аясында жұмыс істейтін kaz-islam.kz, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының muftyat.kz, fatua.kz, azan.kz, muslim.kz, ummet.kz секілді ресми сайттарға жүгінгендері жөн.
Б.АБДРАХМАН,
облыстық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы.