Шардара ауданында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Шардара қаласында орналасқан «Қасиет әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мекемесінде қазыналы қарияларымыз еңбек ардагерлерімен «Ислам және қоғам» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуге Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ — нің теолог маманы Е.Сариев қатысты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров: Бүгінде Ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де, дін ұстанған кей мұсылманның діни білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан Исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамда үрей — қорқыныш қалыптастыру сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Ислам діні адамдарды өзара ауызбіршілікке ынтымаққа үндейтін дін. Мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды деп сөзін қорытындылады.
Аудандық «жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Е.Сариев: өкінішке орай, көпшілік ата — аналар материалдық игіліктердің соңынан қуып, рухани құндылықтарды ұмытып жатады. Бірақ тұлғаның адамгершілік негіздері отбасында қалыптаспайды ма? Ата — бабасының дәстүрлі дініне деген құрметті, ана тіліне, салт — дәстүрге, тарихына деген құрмет пен махаббатты отбасында бойына баулу керек. Балалар жастайынан шынайы діннің тек жақсылыққа, қайырымдылыққа, бір — біріне мейірімді болуға тек жарқын амалдарды жасауға шақырды.
Кездесу соңында еңбек ардагерлері көкейде жүрген сұрақтарымен бөлісіп, тұшымды жауаптарын алды.