Бүгін Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жаңа жобаны жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
– Өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту – негізгі бағытымыз. Түркістан облысында осы салаға назар аударылып, тиісті жұмыс жүруде. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, маңызды келісімдер жасалып жатыр. Бүгін іргетасы қаланған зауыт та өңірдің әлеуетін көтеруге серпін береді деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.
«PSI Machinery» компаниясының директоры Павел Беклемишев жобамен таныстырды. «PSI Machinery» компаниясының бұл зауытыда тау-кен ісіне және құрылыстың өзге де салаларына бағыталған ауыр құрылғылар, жүк көліктері мен техникаларға арналған шыдамды тіркемелер, бөлшектер, металл конструкторлары шығарылады. Жобаның құны – 8,33 млрд теңге. Жер аумағы – 20 гектар, 200 адам жұмыспен қамтылады. 2025 жылы ашылатын зауыттың жылдық қуаттылығы – 965 тонна.
Айта кетейік, PSI – бұл PSI Engineering, PSI Energy & Control және Қарасай машина өндіру зауыты (QMOZ) кіретін жалпы танылған компаниялар тобы. 2002 жылы құрылған. Топ инженерлік жобалау мен материалдық-техникалық жабдықтаудан бастап, өнеркәсіптік объектілерді салуға және пайдалануға беруге, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібін, энергетиканы, металдар мен мұнай мен газды қоса алғанда, нарықтың негізгі секторлары үшін металл конструкциялары мен модульдік қосалқы станцияларды дайындауға дейінгі кешенді қызметтерді ұсынады.
Бүгінгі таңда PSI Group компаниясында 2000-нан астам адам жұмыс істейді. Серіктестері: «KAZ Minerals» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.», «Karabatan Utility Solutions» ЖШС, «KATKO» БК ЖШС, «Қазхром» ТҰК» АҚ және өзгелер.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары жалпы аумағы 540 гектарлық 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталаған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.
Түркістан облысындағы негізгі инвестициялық аймақтары – индустриалды аймақтар мен оның қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Облыс ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру жөнiнде республикада алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие.