Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев жергілікті бюджет есебінен салынып жатқан, қалалық емханаға баратын жаңа жолдың құрылысымен танысты. Ұзындығы 235 метрді құрайтын жол аудан тұрғындары мен жедел-жәрдем көліктерінің емханаға кедергісіз кіріп-шығуына ыңғайлы болмақ. Арман Романұлы аудан тұрғындарына қолайлы орта жасау мақсатында жасалып жатқан жолдың құрылысын бақылап, жауапты мердігерлерге жол сапасына қатысты бірнеше тапсырмалар жүктеді. Сала мамандары жол құрылысын тамыз айының соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.
Сонымен қатар, Шардара қаласында биыл 10 көшеге асфальт, 6 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда О.Жандосов, Ш.Уәлиханов, Юсупов, Смағұлова, Алаш, Б.Момышұлы, Ақан Сері көшелеріне асфальт жабыны төселсе, Тәуелсіздік, Қорқыт ата, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Мұнай база, Мұса Жәлел, Т.Рысқұлов көшелеріне тас төселген. Бұдан бөлек, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қ.Тұрысбеков және Қоссейіт ауылдық округтеріндегі 14 көшеге асфальт жабынын төсеу жоспарлануда.