Әз Наурыз қарсаңында Түркістан музыкалық драма театры жанынан құрылған «Түркістан» ансамблі алғашқы концертін паш етпек. Бүгін осы жөнінде баспасөз жиыны өтіп, жаңадан құрылған өнер ұжымының жұмыстары таныстырылды.
Ұлттық өнеріміздің өркендеуіне айрықша үлес қосатын ансамбль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанованың жетекшілігімен ашылып отыр. Алдымен сөз алған ол қазақтың бай музыкалық мұрасын жаңғырту мақсатында жұмыс істейтінін атап өтті.
Баспасөз жиынында театрдың көркемдік жетекшісі Мадина Мұратпекова, бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанова, ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, маэстро Марат Нукеев, ансамбльдің музыкалық жетекшісі Айқын Сетеков, ансамбльдің мүшесі, домбырашы Ерасыл Қауымбаев спикер болды. БАҚ өкілдері мен театр көрермендері сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, тарихи және мәдени орталық ретінде оның туристік әлеуетін арттыру мақсатында түрлі шаралар қолға алынуда. Бұл ансамбльдің құрылуы да осы мақсатты көздейді. Ұлттық мәдениетімізді дәріптеу, өнерді қолдау арқылы қалаға туристік қызығушылықты арттыру жоспарланып отыр. Ансамбльдің ашылуына облыс әкімдігінен ерекше қолдау көрсетіліп, оркестрлік құрам толық жаңа, арнайы театр логосы бейнеленген аспаптармен қамтамасыз етілді.
Кештің басты ерекшелігі – ұлттық дәстүрлер мен заманауи шығармашылықтың үйлесімі. Жаңа ансамбль қазақтың халық әндері мен күйлерін, сондай-ақ танымал композиторлардың шығармаларын орындап, көрермендерге ерекше рухани ләззат сыйламақ. Кештің тағы бір ерекшелігі – театр репертуарындағы қойылымдардың үзінділері (саундтректері) ансамбль сүйемелдеуімен сахналанады.
Ансамбльдің тұсаукесеріне арнайы шақырылған қонақтар қатарында қазақтың көрнекті өнер майталмандары – Светлана Айтбаева, Клара Төленбаева, Еркебұлан Дайыров және Айя Шәріпбек бар. Олар өз өнерлерімен кешті көркемдеп, тыңдармандарды әсерлі өнерімен баурап алады.
«Түркістан» ансамблі ұлттық мәдениетімізді сақтап, оны әлемге таныту жолында үлкен міндеттерді атқаруға дайын. Жаңа ұжым Түркістан қаласының мәдени өмірін байытып, елдің музыкалық саласында жаңа кезеңнің бастамасын қалау мақсатын көздейді.
Ансамбльдің тұсаукесері Көрісу күніне тұспа-тұс, яғни 14 наурыз күні өтеді. Бұл шараның ерекше мән-маңызын арттырады. Кеш қонақтары мен өнерсүйер қауым бұл ерекше шараны асыға күтіп отыр дейді ұйымдастырушылар.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі