Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер қарқынды түрде жүзеге асып келеді. 2025 жылдың 4 айында қала бойынша 3 451 тұрғын қамтылған.
Қазіргі таңда психоневрологиялық ауруы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге, сондай-ақ өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар мен қарттарға арнаулы көмек көрсетілуде. Қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу жағдайында және үй жағдайында ұсынылады.
Нақты айтқанда, стационар жағдайда – 917 азамат, жартылай стационар жағдайда – 503 азамат, уақытша болу жағдайында – 742 азамат, үйде қызмет көрсету жағдайда – 1 289 азамат әлеуметтік қолдауға ие болған.
Бұл бағытта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 14 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Онда 1 600-ден астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Олар ерекше жандарға 8 түрлі қызмет түрін — әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, медициналық және әлеуметтік-мәдени бағыттарда көмек көрсетеді.
Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан бөлек, арнаулы әлеуметтік қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар да балама негізде ұсынып келеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қорғау жүйесінің ауқымын кеңейтіп, қызмет сапасын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.