Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға көрсетілетін кешенді әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігі болып табылады. Оның мақсаты – аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыстық деңгейін көтеру. Бұл көмек түрі азаматтардың нақты өмірлік жағдайларын ескере отырып, қаржылай қолдау мен жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Шымкент қаласында 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жалпы сомасы 7 553,0 млн. теңге қарастырылған. Оның 5 710,5 млн. теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 1 842,7 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді. Бұл қаражат 58 455 адамға қолдау көрсетуге бағытталған. Бүгінге дейін бөлінген қаражаттың 1 206,6 млн. теңгесі игерілді.
Атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға қосымша әлеуметтік төлемдер де қарастырылды. Бұған жергілікті бюджет есебінен 955,5 млн. теңге бөлінді. Ал, АӘК-тің өзіне 4 755,0 млн. теңге бағытталған. Мұндай төлемдер балалардың денсаулығы мен дамуын қамтамасыз етуде, отбасылардың материалдық жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
2025 жылы 4 375 отбасыдан 23 285 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 8 810 отбасы мен 45 955 адамды құраған болатын. Осылайша, бір жыл ішінде көмек алушы отбасылар саны 35,1 пайызға азайып отыр. Бұл халықты жұмыспен қамту шараларының нақты нәтижесін көрсетеді. Яғни, азаматтардың бір бөлігі өз күнін өзі көріп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды деуге болады.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 6 039 азамат жұмысқа жарамды. Оның ішінде 2 823 азамат өтініш білдірген кезде жұмыс істеп жүрген. Одан бөлек, 65 азамат нәтижелі жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде 43 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 19 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 2 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етті және 1 азамат жастар практикасына қатысты. Яғни, бұдан атаулы әлеуметтік көмектің жай ғана қаржылай жәрдем емес, сондай-ақ азаматтарды жұмысқа бейімдеуге, өмір сапасын арттыруға бағытталғанын көруге болады.
Айта кетейік, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезеңде ай сайын әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (5 898 теңгеден) қосымша төлем қарастырылған. Бұл көмек 3 901 отбасындағы 21 144 балаға төленді. Жалпы сомасы – 144,3 млн. теңге.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек – тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен бірге қоғамның әлсіз тобына қамқорлық көрсету, олардың еңбекке араласуына жағдай жасау, балалы отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жан-жақты жүйе. Осы арқылы мемлекет әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, әрбір азаматқа өз мүмкіндігін іске асыруға жағдай жасайды.