«2025 жылы 1300 мектепті реновациялау» жобасы аясында Шымкент қаласында биылғы жылы 9 білім ұясын күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінді. Аталған жоба шеңберінде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, оқушылар мен мұғалімдерге ыңғайлы жағдай жасау мақсат етіліп отыр.
Қазіргі таңда келесі бірқатар білім мекемелерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ:
Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінің жөндеу жұмыстары 67 пайызға орындалған. Жұмыстарды 2025 жылдың 15 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепте 70 пайыз, Хамза атындағы №108 ЖОББМ-де де 70 пайыз жұмыс атқарылған.
Мукуми атындағы №13 ЖОББМ-нің Б-блогында 75 пайыз, №99 мектеп-гимназияда 80 пайыз, Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназияда да 80 пайыз құрылыс жұмыстары орындалған.
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаттың бірнеше ғимаратында құрылыс жұмыстары 67 пайыз деңгейінде.
№109 ЖОББМ-де құрылыс ісі 87 пайызға жетсе, №75 мектеп-гимназияда 79 пайызы аяқталған.
Барлық нысандарда жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың 15 тамызына дейін толық аяқтау жоспарлануда.
Аталған жоба білім саласын жаңғыртуға, оқушыларға заманауи және қауіпсіз білім алу орталығын қалыптастыруға бағытталған.