Шымкент қаласында архив саласын жетілдіру және тарихи мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіру – бұл саладағы негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Ағымдағы жылы 502 742 парақ құжат цифрландырылып, бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 84 пайызын құрады. Жоспарға сай, 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізіліп, жүктелген міндеттер толығымен орындалатын болады.
Цифрландыру процесін тиімді жүргізу үшін арнайы 5 заманауи сканер сатып алынды. Бұл құрылғылар архив құжаттарын сапалы әрі жылдам өңдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, архив қоры 5150 жаңа сақтау бірлігімен толықтырылды. Бұл – тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінде маңызды қадам болып табылады.
«Архив-2025» жобасы аясында да бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи ынтымақтастығы» атты халықаралық конференция жоғары деңгейде өтті. Іс-шара барысында екі елдің архив саласындағы ынтымақтастығын арттыру және ортақ тарихи мұраларды зерделеу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, екі архивтік құжаттар жинағы жарық көріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және тарихи деректерді кеңінен пайдалануға жол ашты.
Аталған жұмыстар Шымкент қаласындағы архив саласын жаңғыртуға, азаматтардың тарихи құндылықтарға қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің мәдени мұрасын жүйелі түрде сақтау мен дәріптеуге бағытталған.