Шымкент қаласы мен оған іргелес өңірлердің туризмді дамытуға әлеуеті зор. Қаланың тиімді географиялық орналасуы, бай тарихи-мәдени мұрасы, сакралды нысандары мен табиғи аймақтарының әралуандығы ішкі және сыртқы туристер үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Соңғы жылдары қалада туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп, жаңа қонақ үйлер, демалыс орындары мен сервистік нысандар іске қосылды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар туризмді экономиканың маңызды салаларының біріне айналдыруға мүмкіндік беріп келеді.
Өткен жылдың тоғыз айында Шымкентке 406 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде ішкі туристер саны 376 мыңнан асып, шетелдік туристер легі де тұрақты өсім көрсетуде. Қала аумағында 159 орналастыру орны жұмыс істеп, қызмет көрсету көлемі 10 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіштер қонақ үй бизнесінің, қоғамдық тамақтану, көлік және сервистік қызмет салаларының дамуына серпін беріп отыр. Туристік инфрақұрылымға салынған инвестициялар жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.
Сонымен қатар, жаңа әуе терминалының іске қосылуы және халықаралық бағыттардың ашылуы Шымкенттің туристік қолжетімділігін арттырды. Бүгінде қала әлемнің бірқатар ірі қалаларымен тікелей әуе қатынасын орнатып, халықаралық туристік картадағы орнын нығайта түсуде. Бұл үрдіс Шымкенттің тартымды туристік дестинация ретінде қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетеді.

