Шымкент қаласында 14–24 наурыз аралығында ұлттық дәстүрлерді жаңғырту және мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында Наурызнама онкүндігі басталды.
https://www.instagram.com/reels/DV4VkdpjLYo/
Бағдарламаның алғашқы күні, 14 наурыз – Көрісу күніне орай қаладағы Арбат демалыс аймағында мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Амал күнінде өнерпаздар ән айтып, би билеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік бағдарламада «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары мен «Қазына» халықтық би ансамблі өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, театр ұжымдары да іс-шараға атсалысты, жиналған көпшілік бір-бірімен көрісіп, құшақтасты, ақжарма тілектерін айтып, Амал мерекесінің мәнін айшықтай түсті.
Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі аясында 16–24 наурыз аралығында Шымкент қаласында ауқымды мәдени іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптейтін мерекелік бағдарламалар, концерттер, көрмелер, сән көрсетілімдері, ұлттық спорт ойындары және шығармашылық кездесулер күтеді.
Іс-шаралар туралы толық ақпаратпен DIGITAL NAURYZ ақпараттық порталынан танысуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz?lang=ru

