Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі – 2026 қорытындысы бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті педагогикалық жоғары оқу орындары санатында І орынға ие болды. Бұл – университеттің білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу қызметі, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, цифрландыру бағытындағы жетістіктері мен түлектердің бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі IQAA-Ranking тарапынан 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Рейтингтің негізгі мақсаты – талапкерлерге, ата-аналарға, жұмыс берушілерге, жоғары оқу орындарына және мемлекеттік органдарға білім беру ұйымдарының қызметі туралы объективті әрі жан-жақты ақпарат ұсыну, сондай-ақ жоғары білім беру жүйесінің сапасын бағалауға ықпал етуге арналған.
— Рейтингтің қорытынды нәтижесі сандық және беделдік көрсеткіштердің кешенді жиынтығы негізінде қалыптастырылады. Бағалау барысында университеттердің білім беру қызметінің сапасы, ғылым мен инновация саласындағы жетістіктері, халықаралық байланыстары, академиялық ұтқырлық көрсеткіштері, цифрлық технологияларды енгізу деңгейі, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы және мансаптық даму мүмкіндіктері жан-жақты сараланды, — дейді университеттің аккредитация бөлімінің басшысы Алтынай Тұрлыбекова.
Алтынай Асанханқызының айтуынша, қорытынды рейтинг академиялық көрсеткіштерді талдау, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы, жұмыс берушілердің, студенттердің және түлектердің пікірлері негізінде де қалыптасады. Бұл кешенді тәсіл жоғары оқу орындарының қызметін жан-жақты бағалауға және олардың қоғам мен еңбек нарығындағы беделін айқындауға мүмкіндік береді. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ педагогикалық университеттер арасында көш бастап, І орынды иеленуі – оқу орны ұжымының кәсіби еңбегі мен сапалы білім беру жүйесінің, ғылыми әлеуетінің және заманауи білім беру талаптарына сай жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Бұл жетістік университеттің ұлттық білім беру кеңістігіндегі көшбасшылық ұстанымын нығайтып қана қоймай, болашақ педагог мамандарды даярлаудағы жоғары жауапкершілігі мен сапасын айқындайды.
