Қазіргі цифрлық технологиялар қарыштап дамыған заманда интернет кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен кибермәдениетті қалыптастыру — мемлекеттік деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Смартфондар мен әлеуметтік желілердің күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы бір жағынан тұрмысты жеңілдетсе, екінші жағынан киберқылмыскерлердің азаматтарға, әсіресе жастарға қарсы түрлі алаяқтық әдістерді қолдануына жол ашуда. Осы ретте, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес елімізде кең көлемде өткізіліп жатқан «Кибермәдениет айы» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде арнайы ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Танымдық әрі алдын алу сипатындағы бұл іс-шараның негізгі мақсаты — білім алушылар, магистранттар мен университет қызметкерлерінің кибергигиена, ақпараттық қауіпсіздік және цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық нормалары бойынша білімін арттыру, сондай-ақ интернет кеңістігінде жиі кездесетін киберқауіптердің алдын алу болып табылады. Жиынды университеттің Стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры, профессор Баршагүл Исабек ашып, қатысушыларға тақырыптың бүгінгі қоғам үшін өзектілігін кеңінен түсіндіріп өтті. Іс-шара барысында студенттердің назарына арнайы дайындалған танымдық бейнеролик ұсынылып, цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған электронды ақпараттық-насихат парақшалары таратылды.
Ауқымды кездесуге Шымкент қалалық Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері, полиция капитаны Ердәулет Ералиев, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев және Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев арнайы шақырылды. Өз саласының тәжірибелі мамандары студенттерге интернет желісінде жиі кездесетін киберқылмыс түрлері, алаяқтықтың заманауи жасырын тәсілдері және киберқылмыскерлердің азаматтарды арбау мен алдау әдістері туралы нақты кейстер негізінде кеңінен баяндап берді.
Тәртіп сақшылары мен цифрландыру саласының өкілдері жастарға дербес деректерді қорғау, фишингтік шабуылдардан сақтану, күмәнді сілтемелер мен бейтаныс файлдарды ашпау, күрделі құпиясөздерді (парольдерді) қолдану, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды екіфакторлы жүйемен қосымша қорғау және белгісіз тұлғаларға жеке мәліметтерді, банк карталарының кодтарын бермеу жөнінде маңызды кеңестер берді. Сондай-ақ, кездесуде интернет-алаяқтыққа тап болған жағдайда қандай шұғыл әрекеттер жасау керектігі, құқық қорғау органдарына жүгінудің ресми тарттібі мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Жиын соңында студенттер өздерін толғандырып жүрген өзекті сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды. Спикерлер студент жастарды цифрлық технологияларды күнделікті өмірде пайдалану кезінде әрдайым қырағылық танытып, күмәнді ұтыстар мен хабарламаларға сенбеуге, белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сақтықпен қарауға және жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Шымкентте өңірлік ЖОО студенттерінің қауіпсіздігі мен цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұндай шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады.
