Өңірлік жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру, болашақ педагогтардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру және заманауи білім беру технологияларын оқу үдерісіне енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда Шымкент қаласындағы іргелі оқу орындарының бірі – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде маңызды дәріс сабағы өтті.
Университет қабырғасында ұйымдастырылған «Инклюзивті білім беру жүйесінде оқу жетістіктерін бағалау технологиялары мен әдістері» тақырыбындағы дәріс инклюзивті ортада білім беретін болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруды мақсат етті.
Дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, Арнайы педагогика кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Ақылбаева жүргізді. Тәжірибелі ғалым әрі педагог Гүлнар Исламқызының жоғары оқу орнындағы еңбек өтілі – 27 жыл. Ол 1999 жылдан бастап отандық жоғары білім беру саласында үзіліссіз еңбек етіп, мыңдаған білікті мамандарды тәрбиелеп шығарды. Қазіргі таңда ғалым «Инклюзивті білім берудегі арнайы педагогикалық технологиялар» пәні бойынша білім алушыларға тереңдетілген дәрістер оқып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Аталған дәріске Университеттің Физика, Математика және Информатика білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері (1502-14, 1503-23, 1509-14, 1510-14 топтары) белсене қатысты. Болашақ толыған жаратылыстану-ғылыми бағыттағы мұғалімдер үшін инклюзивті білім берудің негізгі ұстанымдарын меңгеру – заман талабы.
Дәріс барысында инклюзивті білім беру жағдайында білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың ең тиімді технологиялары мен заманауи әдістері кеңінен қарастырылды. Ғалым әр баланың жеке ерекшеліктері мен ерекше білім алу қажеттіліктерін ескере отырып бағалау жүргізудің ерекше маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ білім алушылардың физиологиялық және психологиялық мүмкіндіктеріне сәйкес икемді бағалау тәсілдерін қолдану, оқу үдерісінде арнайы педагогикалық технологияларды тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты сарапқа салынды.
Студенттер дәріс барысында теориялық білімді саралап қана қоймай, болашақ педагогикалық қызметте кездесетін практикалық жағдаяттарды талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.
Мұндай арнайы дәрістер мен ғылыми-әдістемелік семинарлар болашақ педагогтердің инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Ең бастысы, бұл бастамалар мектептерде әрбір білім алушының жеке мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін толық ескеретін, кемсітушілікке жол бермейтін, қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ өңірдегі педагогикалық кадрларды даярлауда осындай озық халықаралық және отандық тәжірибелерді енгізуді әрі қарай да жалғастыра береді.
