Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде апта ішінде бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДЕ АУДАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ
Шардара ауданының білім бөліміне қарасты Жаушықұм ауылында орналасқан МКҚК «Жауқазын» бөбекжай бақшасында аудандық тәжірибелік семинар өтті. Семинар тақырыбы: «Мектепке дейінгі ұйымдарда ойын арқылы оқытуға тарту».
Мақсаты: ойын арқылы оқыта отырып ойлау қабілеттерін дамыту үшін шығармашылық қиялын, көркем-эстетикалық талғамды дамыту, тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық құндылықтарға баулу,тәрбиелеу.
Аудандық тәжірибелік семинарға аудандық білім бөлімнің мектепке дейінгі ұйым әдіскері Айгуль Жумабекова және МДҰ арасынан құрылған білікті әдістемелік топ және 39 балабақша педагогтары қатысты.
АВТОРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ ҰСЫНЫЛДЫ
Жуырда облыстық білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Үздік авторлық бағдарлама» байқауы өтті. Орыс тілі және әдебиеті бағыты бойынша байқауға қатысқан Ордабасы ауданының Б.Төлепбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Сапар Ақмарал Серікбайқызы жүлделі І орынды иемденіп, республикалық кезеңге жолдама алды.
Ақмарал Серікбайқызы, оқушыларды олимпиадаға дайындау бойынша тәжірибесімен республика деңгейінде бөлісуде.
Атап айтар болсақ, «BilimUstaz» платформасында республикалық вебинар өтіп, сертификатқа ие болған. Сонымен қатар биылғы жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауында да облыс бойынша топ жарып, жұмысы республикалық кезеңге ұсынылды.
КЕЛЕС: АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ҮЗДІК ОҚЫРМАНҒА ВЕЛОСИПЕД БЕРІЛМЕК
Келес ауданы №59 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітап оқу байқауы» жобасы жүзеге асуда. Алдағы уақытта үздік оқырман оқушыларға спорттық велосипед, планшет және тағы басқа құнды сыйлықтар берілетін болады. Жобаға жеке кәсіпкерлер Бекшораев Марат, Құтымов Марат, Ахметов Сапархан сынды ел ағалары демеушілік жасауда.
Мектеп директоры Убайдулла Ералиевтің айтуынша игі жобаға жастар арасында қызығушылар көп:
— Мектебімізде балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, қазақ әдебиетін, ақын-жазушылар шығармаларын терең зерттеуге және жас ұрпақтың бойына кітап сүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында мұндай акция алғаш рет ұйымдасытырылып отыр. Кітап — терең ойлауды, есте сақтау қабілетімізді жақсартып, зейін-зерде, ақыл-ойымызды еркін жеткізуге жаттықтырады. Балалар велосипедті көріп кітап оқуға деген қызығушылығы арта түседі деген сенімдемін,-дейді мектеп басшысы.
Айта кету керек мұндай акция бұған дейін Келес ауданындағы тағы бір мектепте ұйымдастырылған еді. Жастарды кітап оқуға баулуда мұндай жобалардың рөлі орасан зор. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 400-ден аса оқушы тәлім алады.
ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРҒА ИЕ БОЛДЫ
«Ғалам сенің қолыңда» оқушылардың ІІ Республикалық астрономиялық олимпиадасынан облысымыздың дарынды оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
2023 жылдың 5-8 қараша аралығында Ақтөбе қаласында Мелекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорын «Ақтөбе облыстық планетарийнің» ұйымдастыруымен «Ғалам сенің қолыңда» оқушылардың ІІ Республикалық астрономиялық олимпиадасы өтті.
Олимпиада мақсаты – оқушылардың астрономия және ғарыштық зерттеулермен байланысты ғылым салаларына деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтау, астрономиялық үйірмелердің жұмысын жандандыру.
Олимпиадаға Қазақстанның білім беру саласынан 14 командадан, 56 оқушы қатысты. Нәтижесінде ІІ орын, күміс медаль иегері
1. Наметулла Ахметжан – Түркістан облысы білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы.
ІІІ орын, қола медаль иегері
2. Пернебек Мейірман – Түркістан облысы білім басқармасының «Жамбыл Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының» оқушысы.
Жеңімпаз оқушыларымыз бен дайындаған жетекші ұстаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз!
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Сауран ауданының білім бөліміне қарасты А.Байтұрсынұлы атындағы мектепте «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдын алдын алу» тақырыбында жоғары 9, 10, 11 сынып оқушыларымен Сауран ауданы прокуратурасының прокуроры Сәрсен Ару Садуақасқызының қатысуымен жиын өтті.
Жиналыс барысында есірткі қылмысы бойынша Заң талаптары, оқушылардың құқықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналысқа 110 оқушы, 20 ұстаздар қатысты.
Бұл іс-шара апта соңына дейін жүргізілетін болады.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Түркістан облысы әкімінің аппараты әдеп жөніндегі уәкілдің міндетін атқарушы Нұрдос Құлмаханұлымен Түркістан облысы білім басқармасына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы жүргізілген ішкі талдау жұмыстары (ТБН-4 іс-шарасы) нәтижесінде анықталған сыбайлас жемқорлыққа бейім лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшілермен кездесу — түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында аталған лауазымда қызмет жасайтын тұлғаларға сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын-алу бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігі түсіндірілді.
КЕЛЕСТЕ АПТАНЫҢ БІР КҮНІН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРҒА АРНАҒАН БАЛАБАҚША ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Келес ауданында орналасқан «Балдырған» балабақшасында аптаның әр сәрсенбісі «Ұлттық күн» деп дәріптеліп, сол күні қызметкерлер ұлттық үлгіде киініп, барлық топтар бойынша ұлттық құндылықтар насихатталады. «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді ұлттық ойындармен таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында аптаның бір күнін қазақ халқының ұлттық ойындарына арнаған дейді білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Апетова:
— Балабақшада баланың білім мен тәрбие алуына қажетті көрнекіліктер қоры мол, әсіресе ұлттық ойын түрлеріне арналған көрнекіліктерді шебер тәрбиешілер өз қолдарымен жасаған. Мектепалды дайындық тобы тәрбиеленушілері ел ішінде ұмыт бола бастаған «Бестемше» ойынын жақсы меңгерген және қызыға ойнайды. Сондай-ақ «Ханталапай», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», т. б ойын түрлері күн тәртібінен түспейді,-дейді бөлім әдіскері.
Қазіргі таңда балалардың ұсақ моторикасы мен ойлау қабілеттерін дамытып жылдамдық пен епшілдікке баулитын қазақтың ұлттық ойындарын бала тәрбиесінде қолданудың маңызы өте зор және ол әрекет өз нәтижесін беріп келеді.
«МЕН ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ» АТТЫ ПІКІР АЛМАСУ САБАҒЫ ӨТТІ
Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде аудандық 9-10-11 сынып оқушыларымен «Мен таңдаған мамандық» атты пікір алмасу сабағы өткізілді.
Аталған іс-шараға өз ісінің шебер мамандары және жас мамандар қатысып, өз ойларымен бөлісті. Әр мамандық иесі өз кәсібінің қыр-сыры туралы кеңінен тоқталды.
Мақсат — оқушыларға заман талабына сай дұрыс мамандық алу үшін бағыт-бағдар беру, мамандықтың қызығы мен қиындығы болатындығын жете ұғындыру. Ойлау қабілетін дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Оқушының өзі таңдайтын мамандық туралы ойын бір жүйеге келтіріп, дұрыс таңдау жасауына көмектесу, өз бетінше шешім қабылдап, өзіндік мақсатын айқындай білу қабілеттілігін арттыру.
Осындай тәрбиелік мәні зор 9-11 сынып оқушылары үшін мамандық таңдау барысында қолдау көрсету, дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында іс-шаралар барлық білім беру ұйымдарында өз кезеңімен жоспарға сай алдағы уақытта да өткізіле бермек. Кәсіби бағдар беру-бітіруші мектеп оқушылары үшін өте маңызды.