Түркістан облыстық білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімдерінде бүгін бірқатар ісшаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
АУДАН МЕКТЕПТЕРІНІҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Отырар ауданы, Т. Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектеп кешенінде бүгін «Мектепішілік бақылау арқылы мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту, білім сапасын арттыру жолдары» тақырыбында аудан мектептерінің оқу ісі жөніндегі орынбасарларына арналған семинар өтті.
Мақсаты: мектепішілік бақылау арқылы мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру, білім сапасын көтеруге арналған әдіс-тәсілдерді қолдану.
Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ембай Дархан, мектеп директоры Едигеева Тынышкүл семинарды ашып, бағдарламасымен таныстырды. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Байзақ Жаныл семинарға қатысушыларды 5 топқа бөлді. Әр топ жетекшілерімен бірге жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 5 сабақ, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 5 сабақтарға қатысты. Сонымен қатар, сыныптан тыс іс-шаралар «Оқуға құштар оқушы» кітапхана жобасына, «Олар біздің мектепте оқыған» атты дөңгелек столға, «Даналық бастауы» әдеби-танымдық кешіне, білім жәрмеңкесі, зертханалық жұмыстарға, «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамытуда цифрлық технологияларды қолдану» тақырыбында шебер сыныптарға қатысты. МДОІО Байзақ Жаныл бірлестік жетекшілерімен бірге «Мектепішілік бақылау жұмысын жүргізу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Семинарды Ембай Дархан қорытындылап, семинарда сабақ берген ұстаздарды марапаттады.
ТӨЛЕБИЛІК ПЕДАГОГ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА ОБЛЫСЫМЫЗДЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен төртінші мәрте өткізіліп жатқан «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының өңірлік кезеңі мәресіне жетті.
Аталмыш байқаудың өңірлік кезеңіне қатысуға Түркістан облысынан 230-дан астам педагог өтініш білдірді. Солардың бірі – Төлеби ауданындағы Қ.Мамытов атындағы жалпы білім беретін мектептің биология пәні мұғалімі Нурилла Баймаханова «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының аймақтық кезеңінің «Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық» аталымы бойынша І орын иегері атанды. Енді білікті ұстаз аталған байқаудың республикалық кезеңінде облысымыздың намысын қорғамақ.
Нурилла Баймаханованың «Мәдени өсімдіктер мен үй жануарларының шығу орталығын анықтау» тақырыбына арналған бейнесабағын өңірлік байқаудың қазылар алқасы оқушылардың функционадық сауаттылығын арттыруға бағытталған құнды педагогикалық идеясы бар үздік бейнематериал деп бағалады.
VIII ҰЛТТЫҚ “WORLDSKILLS KAZAKHSTAN” ЧЕМПИОНАТЫНА ТҮРКІСТАННАН 14 КОЛЛЕДЖ, 30 СТУДЕНТ, 29 МАМАНДЫҚ БОЙЫНША ҚАТЫСАДЫ
Чемпионат 2023 жылдың 19-27 қарашада Астана қаласында өтеді.
Айта кетейік, өткен жылы «Worldskills kazakhstan — 2022» республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына Түркістан облысынан 14 колледжден, 29 кұзыреттілік бойынша 30 қатысушы, 29 эксперт қатысып бақ сынаған болатын. Есесіне, студенттеріміз ІІ орын — 5, ІІІ орын — 3, 5 медаль жеңіп алды. Өңіріміз аталған Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді.
ПӘН АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
Арыс қаласының білім бөліміне қарасты Ташенов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 13-24 қараша күндері аралығында «Балдәурен» бастауыш пән бірлестігінің пән апталығы басталды.
Апталық нәтижесінде «Білім басы бастауышта қаланар, білімменен әлемге жол салынар» тақырыбында мектепалды даярлық және 4 сыныптар аралығында пән мұғалімдері мектепішілік әдістемелік күнге ашық сабақтар өткізді.
Мақсат — бастауыш сынып оқушыларының танымдылық белсенділігі мен шығармашылығын дамыту, ой-өрісін, пәнге деген қызығушылығын ояту. Нәтижесінде оқушылардың әр сабаққа деген қызығушылығы мен белсенділігі артты.
САУРАН: «БАЛАЛАР ЖӘНЕ ТЕАТР» АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
«Балалар және театр» ағартушылық жобасын жүзеге асыру мақсатында Сауран ауданына қарасты Мәншүк Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында қуыршақ театрының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара барысында «Қуыршақ театры» сомдаған қойылымдар мен қызықты ертегілерді көріп тамашалаған қатысушылар мәз-мейрам болды. Әсіресе ата-әжелерімен бірге ере келген кішкентай бүлдіршін балалардың қуанышында шек болмады.
“ЭКОТУРВЕЅТ” РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНДЕ ГРАН-ПРИ ИЕЛЕНДІ
Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы «Бурабай ауданы, Щучинск қаласы, Жоғары орман шаруашылығы, экология және туризм колледжі» МКҚК 125 жылдығын мерекелеу аясында өткен «Бурабай Қазақстанның інжу маржаны» атты ЭкоТурВЕЅТ республикалық фестивалінде Гран-При иеленді.
Қатысушылар: Шотаева Дамен, Сулешова Назира, Жумабаева Бибирабия.
Іс-шараға «Қоршаған орта», «Орман шаруашылығы» бейіні бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің құрамына кіретін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының арнайы пәндер оқытушылары қатысты.
Жобалау жұмыстарының бағыттары:
— ғылыми: қорық аймақтарына келушілердің табиғатты зерттеуге, далалық бақылауларды жүргізуге қатысуы;
— табиғат тарихы турлары: қоршаған ортаны білу мақсатында қорық аймақтарына бару;
— шытырман оқиғалы-белсенді демалыс тәсілі: тау туризмі, су, шаңғы, сүңгу, сондай-ақ атпен саяхаттау;
— табиғи резерваттарға, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарына саяхат.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТА ТҮРКІСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Астана қаласында T-league кіші футболдан Астана қаласының 25 жылдығына орай футзалдан колледж студенттері арасында Халықаралық жарыс болып өтті.
Жарысқа Қырғызстаннан «Манас» командасы, Астананың «Сарыарқа», Петропавлдың «Есиль», Ақтөбенің «Ақтөбе», Павлодардың «Машинка», Қарағандының «Болашақ», Көкшетаудың «Тұлпар» және Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің «Түркістан» командасы қатысты.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша аталған колледж студенттері IV орын иеленді.
СОЗАҚ: ТАРИХ ПӘНІ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Созақ ауданы, Иманов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектепте «Жаңа әлемдегі – жаңа тарих: оқытудың қазіргі заман технологиясы» тақырыбында семинар өтті.
Білім беруді дамыту бағытында мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларын іске асыру, тарих пәні мұғалімдеріне кәсіби педагогикалық және әдістемелік қолдау көрсету мақсатында өткен семинарға аудандағы тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.
Семинар барысында А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Бауыржан Аманов «Тарих сабақтарында АКТ арқылы деңгейлеп-саралап оқытудың тиімділігі» тақырыбында, Иманов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Берік Тоқбаев «Қазақстан тарихы үйірмесінде әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімді жолдары» тақырыбында ашық сабақ өтсе, педагог-психолог Әйгерім Есмахатова психологиялық тренинг өткізді.
Семинарды әдістемелік кабинет әдіскерлері Әділет Амангелдиев пен Әсет Өтжанов қорытындылады.
«ЗЕЙІНДІ БАЛА» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫНА 110 ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ
Түлкібас ауданы, Б.Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде 2022-2023 оқу жылындағы мектеп директорының бастамасымен өткізілген «Талапты ұстаз, талантты шәкірт» жобасының жалғасы ретінде «Зейінді бала» зияткерлік сайысы өткізілді.
Сайыс мақсаты — оқушыларды сыныптан тыс уақытын тиімді пайдалануға үйрету, жан-жақты мәліметтерге қызықтыра отырып, көпшілік ортада өз ойын еркін әрі нақты жеткізуге дағдыландыру, сонымен қатар ойы жүйрік, ұшқыр, шапшаң, табанды оқушыларды анықтау.
4-кезеңнен тұратын «Зейінді бала» зияткерлік сайысы 5-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып, 110 оқушыны қамтыды.
Сонымен қатар, бұл жобаның өзіне тән ережелері мен кезеңдері сайыс барысында таныстырылып, қатысушы оқушылар арасынан өзінің шапшандығымен, ерекше білімімен белсенділік танытқан 20 оқушы мектеп директорының арнайы марапатына ие болды.
Алдағы уақытта «Зейінді бала» зияткерлік сайысы осы мектептің 6-9 сынып оқушылары арасында және аудан мектептері арасында ұйымдастырылып өткізілу жоспарлануда.