Тәуелсіздік жылдарында еліміздің көптеген салалары секілді құқық қорғау жүйесінде де аз реформа жасалған жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысты болдырмау үшін жасалған өзгерістердің біразы бүгінде біртіндеп нәтижесін де бере бастады. Президенттің тапсырмасына сай, соңғы жылдары қылмыстық процестің үш буынды моделі қолға алынды. Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы Бахыт КӨЛБАЕВПЕН болған әңгімеміз осы бастама жөнінде өрбіді.
– Бахыт Жұмаділұлы, ведомствоаралық комиссияның соңғы отырысында облыс әкіміне өңірдегі қылмыстың төмендегені туралы есеп берілді. Мұны құқық қорғау саласында болып жатқан реформалардың нәтижесі деуге бола ма?
– Солай деуге толық негіз бар. Бірақ, қоғам ілгері дамыған сайын қылмыс түрлері де жаңарып жатыр. Оған бүгінгі таңдағы интернет алаяқтықтың өршіп бара жатқаны дәлел. Түркістан облысында биыл орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтың саны 4324-ті құраса, оның басым бөлігі осы алаяқтыққа қатысты қылмыстар. Былтыр мұндай фактімен 1103 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 17-ге кеміген. Алаяқтық қылмыстардың ішінде, әсіресе, интернет алаяқтық бойынша тіркелген істер көп.
Интернет алаяқтық істерді тергеп-тексере келе, жәбірленушілердің ақпараттық жүйелер мен әлеуметтік желілерде, чаттарда жиі таралатын жалған ақпараттарға, жарнамалар мен хабарландыруларға сеніп, алданып қалатынын білеміз. Соңғы кездері алаяқтық әрекеттердің басым бөлігі «OLX», «Kolesa.kz», «Krisha.kz» сайттарын, «Instagram» және «Whatsapp» мессенджерлерін қолдану арқылы жүзеге асқан.
Осыған орай облыстық прокуратура мен басқа да құзырлы органдардың қатысуымен алаяқтық және қаржылық пирамидаларға қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша үйлестіру кеңесі, сондай-ақ, осындай қылмыстың алдын алу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік басқармасы, облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің өкілдері жұмылдырылды.
Топ мүшелерінің интернет желілеріне жүргізген мониторингі кезінде көптеген күмәнді жарнамалар анықталып, олар бүгінде бұғатталып жатыр. Осындай шаралардың нәтижесінде алаяқтық 1,5 пайызға, оның ішінде интернет алаяқтық 4,7 пайызға төмендеді.
– Бүгінде адам құқығын қорғаудың үш буынды моделі туралы жиі айтылады. Бастама қолға алынғалы құқық қорғау саласында не өзгерді? Оның ішінде прокуратураның алатын орны қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын. Соған орай прокуратураның міндеттері мен функциялары түбегейлі өзгерді. Алайда, бұл өзгерістер әлі де пысықталу үстінде. Істі тергейтін, тергеу барысын қадағалайтын, іс бойынша негізгі шешімдерді келісетін прокурор әрқашан айыптау үкіміне ие болады. Бұл жерде өткеннен сабақ алған жөн. Прокуратурасы істі басқаратын және толыққанды тергеу жүргізетін неміс моделі біздің прокуратураның функцияларына сәйкес келе бермейді. Себебі, бұл модель сәтті жұмыс істеп жатқан мемлекеттерде прокуратура айыптау органы болып табылады. Оларда біздегідей қадағалау функциясы жоқ.
Біздің прокуратура атқарушы билік жүйесіне кірмейді және елдегі заңдылықтың орындалуы мен сақталуына жауап беретін негізгі мемлекеттік орган. Сондықтан өткен ғасырдың 90-шы жылдарында оны тергеу функциясынан босату орынды деп танылды. Мемлекет басшысының саясатын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде тек құқық қорғау функциясы ғана жүктелді. Конституция оған ел аумағында заңдардың орындалуын жоғары дәрежеде қадағалауды жүзеге асыру функциясын берді. Бұл прокуратураға тергеу функциясын беру, оның іс-әрекеттеріне айыптауды кері қайтару дегенді білдіреді.
Үш буынды модельдегі прокурордың рөліне келетін болсақ, қылмыстық процесте прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді. Қылмыстық іс сотқа жетпес бұрын оны сүзгіден өткізеді. Осылайша, прокурор адам құқықтары мен бостандықтарына әсер ететін негізгі процессуалдық шешімдермен келіседі.
Енді барлық шешімдер прокурормен келісіледі. Яғни күдікті деп тану, оның әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін үзу, тоқтату, айыптау актісі секілді жайттер прокурордың келісімімен жүзеге асырылады. Әйтпесе, заңсыз болып есептеледі. Бұл жерде негізгі процессуалдық шешімдерді келісу жәбірленушінің ғана емес, күдіктінің де конституциялық құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұл тек бірінші кезең ғана.
Бұрын қылмыстық қудалау органы қылмыстық істер бойынша шешімдерді өз бетінше қабылдайтын. Прокурор оларды қылмыстық істерді зерделеу кезінде ғана тексеретін. Бұл азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру процесін айтарлықтай кешіктіретін. Қазір дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік алдық.
Екінші кезеңге сәйкес, прокурорлар 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық санатындағы істер бойынша, ал, 2024 жылдан бастап барлық санаттар бойынша өз бетінше айыптау актілерін жасайды. Енді тергеуші дәлелдемелерді бағаламай-ақ, тергеу нәтижелері туралы қысқаша қорытындымен тергеуді есеп деп аталатын құжатпен аяқтайды.
Прокурордың айыптау актісі қорытынды құжат болады. Бұл процесс прокурорлардың жиналған дәлелдемелерді тәуелсіз бағалауын күшейтіп, айыпталушыны жауапқа тарту жауапкершілігін арттырады деп ойлаймыз.
– Осы үш буынды модель бойынша облыстық прокуратура тарапынан жыл басынан бері қанша процестік шешім қабылданды?
– Жаңа модельге сәйкес жұмыс істеп жатқанымызға көп бола қойған жоқ. Жыл басынан бері полиция тарапынан 18225 шешім қабылданса, прокурорлар оның 881-ін бекітуден бас тартып, 16225-не келісім берген. Басым бөлігі күдікті деп тану және күдіктінің әрекетін саралауға байланысты. Яғни адамның тағдырына қатысты барлық шешімдер прокурордың сүзгісінен өтіп, ол негізсіз деп тапса, келісілмей, тергеушіге кері қайтарылады.
– Мұның прокурорларға қатысты тиімділігін түсіндік, ал, бұқара үшін пайдасы неде? Олар бұрынғыдай прокуратура алдында сабылып жүрмей ме?
– Негізінен алғанда, үш буынды модель іс жүргізуге қатысты жауапкершілікті арттырады. Біз қазір мерзімінен бұрын және негізсіз шешімдерге тезірек жауап бере бастадық. Тергеу органдары оларды теңгерімді түрде қабылдай бастады. Біздің мақсатымыз – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын арттырып, қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз ету.
Мәселе мынада, қылмыстық қудалау органы қылмыстарды, оған қатысы бар адамдарды анықтап, дәлелдемелер жинайды. Біз оларға баға береміз. Егер біз заң бұзушылықтарды анықтасақ, оларға жауап беретін боламыз. Дәлелдер жеткілікті болса, істі сотқа жібереміз. Ол бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.
Басты ерекшелігі, прокурордың рұқсатынсыз процессуалдық шешім заңды күшіне енбейді. Тағы бір артықшылығы, процесті цифрландыру, яғни барлығы электронды форматта «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» жүйесінде келісіледі. Бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Құжаттарды бұрмалауға жол берілмейді. Бұл жүйе прокурор мен сотқа дейінгі тергеу органының өзара іс-қимылын жақсартты. Сонымен қатар, нақты уақыт режимінде істерді тергеу барысын бақылауға мүмкіндік берді.
Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жедел өзара іс-қимылы қажетсіз бюрократиялық кідірістердің жолын кеседі. Бұл тергеушілерге де қолайлы, себебі, уақыты үнемделеді. Енді оған прокурорға барудың, кеңселерге барудың немесе прокурордың шешімді келісуін күтудің қажеті жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Т.ЗЕБЕРХАНОВА