Бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапары барысында Шілік ауыл округінде болып, өзекті мәселелермен танысты. Елді мекендегі өрт сөндіру бекетінің жай күйін көріп, қызметкерлермен кездесті. 2022 жылы салынған бекетте 10 қызметкер жұмыс істейді. Аудан басшысы жаз мезгіліндегі аптап ыстықта тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мекеме қызметінің маңыздылығын айтып, алдын алу шараларын күшейту керектігін атап өтті.
Одан әрі Шаян қашыртқысындағы бас тоспаны көріп, ауыл округіндегі ағын су мәселесімен танысты. 2008 жылы салынған тас тоспадан сыйымдылығы секундына 30 куб/м су өтеді. Ұзындығы 11 км құрайтын қашыртқыдан суғарылатын жер көлемі 1489 гектар.
Аралау барысында қашыртқының Ордабасы ауданы мен Отырар ауданындағы бөлігінде белгіленген ағын су тарифін реттеу мәселесі айтылды. Аудан әкімі аталған мәселені жан-жақты саралап, заң аясында тиісті жұмыстар атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Мұнан соң Шілік ауыл округіндегі «Абдрахман КМ» өндірістік кооперативінің шаруашылығымен танысты. Жалпы жер көлемі 200 гектарды құрайтын кооперативтің иелігіндегі 8 гектар жерге қарбыз, 92 гектарына қауын, 25 гектарына жоңышқа, 25 гектарына жүгері дақылы егілген. Шаруашылықта 15 адам жұмыс істейді.
Сондай-ақ елді мекендегі өндіріс орындарының бірі қымыран, шұбат өнімдерін шығаратын «Гүлмайра» шаруа қожалығы. Шаруашылық тәулігіне 2,0 тонна шұбат өнімін шығарады. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған шұбат цехында 16 адам жұмыс істейді. «Отырар шұбаты» брендімен танылған отандық өнім қазіргі таңда республиканың Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Ақмола облыстарына таратылады.
Аудан әкімі аталған кәсіп иелерінің шаруашылықты одан әрі дамыту бағытындағы ұсыныстарын тыңдап, мемлекеттік қолдаулар туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Отырар ауданындағы филиалы арқылы кеңес алуға болатынын атап өтті.
Осы күні аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы күш атасы, қазақ халқының даңқын әлемге әйгілі еткен палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған жері Ақтөбе ауылында болды.
Алдымен палуанның тұрған үйіне барып, қолданған заттары мен жәдігерлерді тамашалады. Саз балшық пен сабаннан тұрғызылған саман үй 2009 жылдан бастап мұражайға айналып, Қажымұқанның тұрмыста қолданған заттары мен тарихи жетістіктері көпшілік назарына ұсынылған. Бүгінде тарихи орынды іздеп келушілер де аз емес.
Аралау барысында ауыл тұрғындары тарапынан мұражайды туристік маршрутқа енгізу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу секілді ұсыныстар айтылды. Аудан басшысы жауапты сала басшыларына айтылған ұсыныс-пікірлерді саралап, заң шеңберінде тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Мұнан соң ауыл округіндегі «Р1» және «Құлан» каналдарын аралап, шаруалармен ауыл щаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Р1 каналының Отырар ауданындағы бөлігі 11,3 шақырымды құрайды. Бүгінде егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының тапсырысымен аудан аумағындағы бөлігін бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілсе, қалған Ордабасы ауданындағы бөлігінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстар толық аяқталса жергілікті жердегі 5 мың гектарға жуық жерлерді ағын сумен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі болады деп күтілуде.
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі көтерілген мәселенің маңыздылығын айта келе, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, «Құлан» каналын тазалау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру керектігін айтып, сала басшыларына бақылауға алуды тапсырды.
Іс сапар барысында елді мекендегі ауыз су жүйесімен танысып, жаңадан салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралап көрді. Ауылдық мәдениет үйі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы аясында 2023 жылы басталған болатын. Мердігер «Construction Group «SAMRUK» ЖШС. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 90 пайызға жуық жұмыстары аяқталған. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізуді тапсырып, мерзімінде берілуін қадағалауды жауапты мамандарға жүктеді.