Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғалымдары Қаңлы дәуіріне тиесілі қалашықтан құнды жәдігерлер тапты. Қазба жұмыстары барысында әртүрлі мақсатта пайдаланылған қыш ыдыстар, тұрмыстық заттар, диірмен тастары, дән үккіштер мен ғұрыптық бұйымдар табылды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жәдігерлер Түркістан облысындағы Үшбастөбе тұрғындарының мал және егін шаруашылығымен айналысқанын, кен өндіріп, темір балқытып, металл бұйымдарын көрші өңірлерге жөнелткенін дәлелдейді. Университет профессоры Александр Подушкин мен Гүлмира Стамқұлованың айтуынша, экспедиция барысында асүй, шаруашылық-тұрмыстық, дастарқан және ғұрыптық мақсатта пайдаланылған көптеген керамикалық бұйымдар анықталған. Оның ішінде астық сақтауға су тасуға және дастарқанға арналған құмыралар, қыш құтылар мен саптыаяқтардың сынықтары табылды. Ал соңғы 20 жылдағы ең маңызды жаңалық – антикалық шыны сынығының табылуы болып отыр. Біздің болжамымызша, ол Оңтүстік Қазақстанға сарматтардың көші-қоны нәтижесінде келген, – деді ғалым.
Экспедиция жұмысына университеттің тарих факультетінің студенттері де қатысып жатыр. Олар мәдени қабаттарды тауып, тазалауға және зерттеуге атсалысты. Көпшілігі үшін бұл – алғашқы далалық тәжірибе әрі көне қоныстың тарихымен тікелей танысуға берілген маңызды мүмкіндік. Бұл жәдігерлер Қаңлы мемлекетінің өз дәуірінде жоғары деңгейде дамыған өркениет болғанын көрсетеді. Жаңадан табылған артефактілер бұған дейін анықталған көне жазба ескерткіштерімен бірге Оңтүстік Қазақстан аумағында осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын жоғары деңгейдегі қалалық өркениет, материалдық өндіріс пен рухани мәдениет қалыптасқанын айғақтайды. Түркістан облысындағы Үшбастөбе қалашығы 24 жылдан бері зерттеліп келеді. Осы уақыт аралығында жүргізілген зерттеулер барысында ғалымдар алғаш рет антикалық дәуірге жататын шыны саптыаяқтың сынығын тапты. Үшбастөбе – Қаңлы мемлекеті кезеңінің маңызды археологиялық ескерткіштерінің бірі. Таулы аңғарда орналасқан қалашық екі бөліктен тұрады, жалпы аумағы 5 гектарды қамтиды. Ескерткіш б.з.д. II ғасыр мен б.з. IV ғасыры аралығына жатады. Тарихи қазба зерттеулерді университеттің археология орталығы «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен бірлесіп, «Спектр» компаниясының қолдауымен жүргізіп келеді.
