Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 3-курс білім алушыларының педагогикалық практикасына арналған орнықтыру конференциясы ұйымдастырылды. Маңызды жиынның негізгі мақсаты – білім алушыларды педагогикалық практиканың мазмұнымен, ұйымдастырылу тәртібімен және ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, олардың мектептегі кәсіби қызметке тез әрі тиімді бейімделуіне қажетті методологиялық бағыт-бағдар беру болып табылады.
Орнықтыру конференциясына университеттің Академиялық департамент өкілдері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, практика жетекшілері, сондай-ақ арнайы шақырылған педагогтер мен психолог-әдіскерлер қатысты. Биылғы практика кезеңінде болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, заманауи педагогикалық тәсілдер мен инновациялық оқыту әдістерін меңгеруіне, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы нақты кәсіби ортаға бейімделуіне ерекше мән беріліп отыр.
Қазіргі таңда жалпы университет бойынша 1400-ден астам білім алушы Шымкент қаласындағы 80-ге жуық білім беру ұйымдарына, орта мектептерге, дамыту орталықтары мен арнайы мекемелерге кәсіптік практикадан өтуге бағытталды. Бұл – өңірлік білім беру жүйесін білікті де жас кадрлармен қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі.
Іс-шара барысында білім алушыларға педагогикалық практиканың басты мақсаты мен міндеттері, практика кезеңінде орындалатын күнделікті тапсырмалар мен есептілік құжаттарын толқыту тәртібі, білім беру ұйымындағы кәсіби әдеп нормалары мен мектеп ішкі тәртібі, сондай-ақ заманауи педагогикалық қызметке қойылатын негізгі талаптар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, психолог-әдіскерлер болашақ педагогтерге оқушылармен және мектеп ұжымымен психологиялық қарым-қатынас орнату, сабақ барысында инклюзивті білім беру ерекшеліктерін ескеру бойынша құнды кеңестерін берді.
Сондай-ақ конференция аясында студенттердің мектеп қабырғасында сабақ беру барысында цифрлық технологиялар мен интерактивті оқыту құралдарын тиімді қолдану мүмкіндіктері кеңінен сөз болды. Тәжірибелі әдіскерлер болашақ мамандарға заманауи білім беру платформаларымен жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндіріп, оқу процесін қызықты әрі сапалы ұйымдастыруға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, практика жетекшілерімен бірге алдағы жұмыс жоспарларын нақтылап алды. Университет басшылығы болашақ ұстаздарға мектеп қабырғасындағы алғашқы кәсіби қадамдарына сәттілік тілеп, алған теориялық білімдерін практикада жоғары деңгейде көрсететініне сенім білдірді.
