Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жас зерттеушілерді қолдау, олардың ғылыми әлеуетін арттыру және өңірлік ғылымды дамыту бағытында маңызды оқиға өтті. Биылғы 2026–2027 оқу жылына докторантураның білім беру бағдарламаларына қабылдау емтихандарының жоғары нәтижелері бойынша 20 жас ғалым «Ректор грантының» иегері атанды.
Ректор гранты – ғылыми ізденіске ұмтылған, терең дайындық деңгейін көрсеткен және ғылым жолында өзін дамытуға ниетті жас зерттеушілерді інталандыруға әрі қолдауға бағытталған университеттің ең маңызды академикалық бастамаларының бірі болып табылады. Бұл қолдау жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуіне кең жол ашады.
Салтанатты шара аясында грант иегерлерімен Басқарма төрағасы – Ректор Қайрат Балабиев арнайы кездесіп, жас ғалымдарды айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтады. Жылы жүздесу барысында докторанттардың болашақ ғылыми-зерттеу бағыттары, алдағы стратегиялық мақсаттары мен университеттің жас ғалымдарды жан-жақты қолдауға бағытталған инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңінен сөз болды.
— «Бұл грант – сіздердің білімдеріңіз бен ғылыми ізденістеріңізге көрсетілген қолдау ғана емес, сонымен қатар болашақта отандық ғылым мен білімнің дамуына елеулі үлес қосады деген зор сенімнің белгісі», — деді Ректор Қайрат Рақымұлы өз сөзінде.
Жаңа оқу жылында университет басшылығы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін жүйелі түрде арттыруға, олардың жаңа идеялары мен инновациялық бастамаларын қолдауға және сапалы зерттеулер жүргізуіне қолайлы заманауи академикалық орта қалыптастыруға басымдық беріп отыр.
Ректор грантының иегерлері алдағы уақытта өздерінің ғылыми зерттеулерін заманауи зертханалар мен өндірістік базаларда жалғастырып, қоғам мен өңір экономикасы үшін өзекті мәселелерді зерделеуге, жоғары импакт-факторлы басылымдарда сапалы ғылыми еңбектер жариялауға және зерттеу нәтижелерін отандық әрі халықаралық ғылыми ортада кеңінен танытуға мүмкіндік алады.
Арнайы кездесуде сондай-ақ, Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков сөз алып, жас докторанттарға докторантурада оқудың негізгі талаптарын, диссертациялық жұмыстарды жазудың ережелері мен шетелдік ғылыми тағылымдамалардан өтудің тетіктерін егжей-тегжейлі таныстырды. Жиын соңында жас ғалымдар университет басшылығына көрсетілген зор қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, жүктелген үмітті ақтауға сөз берді.
