Шымкент қаласының ғылыми-білім беру әлеуеті күн санап артып, өңірдегі жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы жаңа ғылыми белестерді бағындыруды жалғастыруда. Осы бағыттағы елеулі жаңалықтардың бірі – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің жас зерттеушісінің кезекті ғылыми жетістігі.
М. Әуезов атындағы ОҚЗУ Заң факультеті Саясаттану кафедрасының магистрі, аға оқытушысы Тлеуова Назым Жолбарысовна «8D03101 – Әлеуметтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстандағы жасөспірімдер спортының әлеуметтендіру функциялары» тақырыбында дайындаған диссертациялық жұмысын жоғары деңгейде сәтті қорғап шықты. Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша Назым Жолбарысовнаға философия докторы (PhD) дәрежесі берілді.
Аталған ғылыми-зерттеу жұмысы елордамыздағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтану кафедрасында қорғалды. Бұл оқиға өңірлік ЖОО-лар мен республикалық ірі ғылыми орталықтар арасындағы тиімді академикалық кооперация мен серіктестіктің айқын дәлелі болып табылады. Екі ірі университет арасындағы ғылыми сабақтастық жас ғалымдардың кәсіби тұрғыдан өсуіне және зерттеу сапасының артуына кеңінен жол ашып отыр.
Назым Жолбарысовнаның диссертациялық зерттеуі бүгінгі қоғам үшін өте өзекті мәселелердің бірін қамтиды. Жасөспірімдер спортының әлеуметтендіру функцияларын зерделеу – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың денсаулығын нығайтумен қатар, олардың қоғамдағы белсенді позициясын қалыптастыруға, әлеуметтік бейімделуіне және тұлғалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен ұсыныстар отандық әлеуметтану ғылымына қосқан айтарлықтай үлес болары сөзсіз.
Мемлекет тарапынан жас ғалымдар мен зерттеушілерге көрсетіліп отырған қолдау шаралары өңірлердегі ғылыми кадрлардың сапалық құрамын жақсартуға үлкен серпін беруде. Шымкент қаласының жоғары білім беру жүйесін дамыту, жас мамандардың ғылыми ізденістеріне жағдай жасау және олардың халықаралық әрі республикалық деңгейдегі жетістіктерін насихаттау – басты басымдықтардың бірі. Назым Жолбарысовна сияқты жас ғалымдардың еңбегі өңірдегі өзге де жас зерттеушілерге үлкен дем береді.
Университет ұжымы мен ғылыми қауымдастық Назым Жолбарысовна Тлеуованы осы айтулы ғылыми жетістігімен шын жүректен құттықтайды!
Алдағы ғылыми-зерттеу және педагогикалық кәсіби қызметінде толағай табыстар, соны идеялар мен жаңа биік белестерді бағындыруын тілейді. Ғылым жолындағы қажырлы еңбегіңіз жемісті болып, еліміздің білім мен ғылым саласын дамытуға қосар үлесіңіз еселене берсін! Мемлекетіміздің интеллектуалды әлеуетін арттыру жолындағы ізденістеріңізге сәттілік тілейміз!
