Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Чемпионатында бірінші орын алған Әсия Асылханды жерлестері күтіп алды. Асылхан Әсия Талғатбекқызы — Алматыда өткен шахматтан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңіске жетті. Сонымен қатар, Әсия 2024 жылғы қыркүйек айында Италияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
Чемпионды Түркістан халықаралық әуежайынан арнайы күтіп алған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы жеңісімен құттықтады.
Қаладағы №15 мектептің 7-сыныбында оқитын Әсия бұған дейін шахматтан Индия елінде өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленген. Жаттықтырушысы облыстық Шахмат федерациясының атқарушы директоры — Асхат Майкотов.
Сонымен бірге, еліміздің түкпір-түкпірін аралаған «Шахмат керуені» жобасы Түркістанда түйінделмек. Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен қолға алынған жобаның мақсаты – шахматты ел арасында кеңінен насихаттау. Бүгінгі дүбірлі доданың ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Киелі Түркістанға қош келдіңіздер! Бүгін жүзден жүйрік анықталатын тартысты жарыс болмақ. Жеңімпаз еліміздің абыройын әлемдік деңгейде қорғайтын болады. Ендеше барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді Бейсен Дәулетұлы.
Аталған гранд-финалға еліміздің 18 аймағынан 60 ойыншы бақ сынауда. Жеңімпаздарға берілетін жалпы жүлде қоры 16 миллион теңге. Бүгінде ҚР Шахмат федерациясының әр өңірде филиалдары ашылып, басшылары тағайындалған. Алдағы уақытта әрбір облыс-қалаларда шахмат спортына қолдау едәуір артпақ.