Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында химия және биология пәндерінен «Білім берудің белсенді формалары» тақырыбында аудандық дөңгелек үстел өткізілді. Қатысушылар аудандық білім бөлімінің химия-биология әдіскері Жұлдыз Аманжол, ауданның білім бөліміне қарасты химия және биология пәнінің мұғалімдері, әсіресе дөңгелек үстелге жас мамандардың қатысуы қатаң қадағаланды.
Дөңгелек үстел спикерлері Абай мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Сәния Мұсабекова, Ә.Науаи атындағы жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі педагог-зерттеуші Мухабат Жалтаева, Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі педагог-сарапшы Севда Шимшилова, химия пәні мұғалімі педагог-сарапшы Балжан Ахаева, И.Рыбалко атындағы жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Балхия Аяпова.
Есімі аталған мұғалімдердің педагогикалық өтілімі, санаты әртүрлі болғанымен, барлығы жоғары деңгейде өздерінің күнделікті сабақтарда қолданатын әдіс-тәсілдері туралы айтып, шеберліктерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел соңында Ю.Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Аймгуль Дуйсанбаева «QR-code әдісі арқылы рефлексия жүргізу» атты әдіс-тәсілімен бөлісті.
Жалпы спикерлердің баяндамаларын қорытындылай келе, қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған тапсырма ол оқушыларды сабаққа қызықтыру. Себебі дәстүрлі репродуктивті білім беру, оқушының пассивті бағынышты рөлі қазіргі оқушыларға болмайды. Қазіргі оқушылар бағынғысы келмейтін альфа балалар.
Республикамыздың білім беру жүйесі түбегейлі қайта құрылып, оқытудың белсенді әдістері енгізілуде, оның барысында оқушылар өз бетінше функционалдық сауаттылықты дамытады, белсенді түрде білім алады, құрдастарымен қарым-қатынас жасауда коммуникативті дағдыларды дамытуға және проблемаларды шешуде шығармашылықпен айналысуға ұмтылады. Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа ендіру бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек.
Себебі, елімізге заман талабына сай қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет.