Созақ ауданында «КАТКО» бірлескен компаниясының қолдауымен мектеп оқушыларына арналған «Ғылыми сауатты арттыру» жобасын аудан мектептерінде жүзеге асыру мақсатында арнайы семинарлар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 4 тренер екі күн бойы аудандағы 32 мектептің оқушыларына әдістемелік-танымдық семинарлар өткізді.
Оқушыларға әлемдік деңгейдегі ғылыми-танымдық материалдарды, соның ішінде 135 жылдық тарихы бар, география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фото-бейне деректердің бай қорын қалыптастырған NATIONAL GEOGRAPHIC журналының ресурстарын мектепішілік, тақырыптық ғылыми жобаларға пайдалану әдістері таныстырылды.
Жобаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» бастамасына орай «КАТКО» бірлескен компаниясы қолдау көрсетті.
«КАТКО» – жерасты ұңғымалы шаю әдісімен уран өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі әрі Қазақстан мен Францияның халықаралық ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Компания «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰК (49%) мен француздық «Орано» компаниясының (51%) үлестік қатысуымен құрылған. Алғаш құрылған күннен-ақ бизнесті инновациялық технологиялар мен техникалық қауіпсіздік, денсаулық пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы озық әлемдік тәжірибелер негізінде құрып, табысты жұмыс істеп келеді.
Жобаның негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі сапалы ғылыми контенттердің қазақ тіліндегі қолжетімділігін кеңейту, қоғамда ғылымға деген қызығушылықты, ынта-ықыласты арттыру.
Оқушылар қосымша ұсынылған материалдарды түсіну, талдау, тапсырманы игеру дағдыларын қолданып, өздерінің ғылыми жобаларын әзірлеу мүмкіндіктерін сынап көрді.