Жаңа жылдан бастап елімізде жол қозғалысына байланысты заңнамаға толықтырулар енгізілді. Яғни газ баллондарымен жабдықталған автомобильдер «GAS» деген жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыштың сәйкестендіру белгісімен таңбалануы тиіс. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Аталған шара қауіпсіздік мақсатында енгізіліп отыр. Бұл жайында Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков брифингте мәлімдеді.
-Биыл 1 қаңтардан бастап сақтандырушы компанияның ақпараттық жүйесіне мобильді қосымша арқылы жол апаты жайлы мәлімет жіберуге болады. Тіркелу үшін полицияға қоңырау шалудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, медициналық анықтама алудың немесе сот процесіне қатысудың қажеті болмайды. Еурохаттаманы рәсімдеу үшін қосымшаны жүктеп алып, биометриялық сәйкестендіруден өту арқылы тіркелуге болады. Содан кейін автокөлік иесіне бірегей электрондық кілт беріледі. Еурохаттама бойынша берілетін өтемақы мөлшері шектеулі. Жеңілдікпен есеп айырысу тәртібі бойынша сақтандыру сомасы ең көп болғанда 100 АЕК-тен, яғни 369 200 теңгеден аспайды, — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Алмасхан Тастанбеков жол апатын жеңіл жолмен рәсімдеудің бірнеше шарттары бар екенін айта кетті. Олардың ең негізгілері — жол апатына екі көліктің ғана қатысуы, адамдардың зардап шекпеуі, екі жүргізушінің де сақтандыру полисінің жарамды болуы мен екі тараптың да оқиғаның мән-жайына толықтай келісуі — еурохаттаманы рәсімдеуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, аталған хаттаманы рәсімдеген кезде әр жүргізуші декларация толтырып, электронды кілтпен қол қоюы қажет. Апатқа түскен адамның бірінде қосымша болмаса, сақтандыру компаниясына хабарласады.
Декларацияда апатқа ұшыраған көліктердің моделін, мемлекеттік нөмірін анықтауға мүмкіндік беретін фото және бейнежазба, сондай-ақ залал мөлшерін қоса көрсету керек. Деректер онлайн тексеріледі. Жүргізушіге декларация сәтті тіркелгені туралы SMS хабарлама келеді. Оған дейін оқиға орнынан кетуге болмайды.