Түлкібас аудандық сотының 2023 жылдың 12 айында атқарған жұмыстары туралы біліп, аудандағы қылмыс ісінің хәлін сараптау мақсатында Түлкібас аудандық сотының төрағасы Марат Ырсымбетовке арнайы барып, түйіткілді мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. Біраз маңызды ақпараттар алып біліп қайттық. Біз неден сақтанып, қандай олқылықтардың орнын толтыру қажет екенімізді анықтадық. Сізге де пайдасы болар, сұхбатты оқып шығуға кеңес береміз.
— Қайырлы күн! Уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет айтамын. Жалпы, сот саласы жауапкершілігі басым орган. Қоғамды күзетуде, адамзатты түзетуде атқарған орасан зор жұмыстарыңызға ризамыз. Жалпы, өткен жылды қандай дәрежеде қорытындыладыңыздар?
— Қылмыстық істер бойынша Түлкібас аудандық сотында 2023 жылдың 12 айында 52 қылмыстық іс түсіп, 5 іс 2022 жылдан қалдық ретінде өткен. Жалпы 53 қылмыстық іс аяқталып, 44 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі, 1 дана ақтау үкімі шығарылды. 3 қылмыстық іс соттылығы бойынша басқа сотқа жолданған. Қылмыстық істер бойынша 5 жекеше қаулы шығарылған.
— 2022 жылдың 12 айындағы көрсеткішпен салыстырмалы түрде қылмыстың өсімі немесе төмендеуі бар ма?
— 2023 жылдың 12 айында сотқа түскен қылмыстық істердің саны 2022 жылдың 12 айына қарағанда 11 іске кеміген, жалпы аяқталған істер саны 7 іске кеміген. Үкім шығарылған істердің саны 6 іске кеміген, ал тоқтатылған (қысқартылған) істердің саны 2 іске кеміген.
-Сенім мен тұрақтылық, адалдық пен мейірімділік кеткен қатыгез қоғамда алаяқтар саны артуда. Тамақ табудың қамымен жүргендердің қалтасын қағуды, аңқауларды алдап, ақшасын алуды көздейтін өркөкірек адамдар көбейген шақта қандай әрекет жасауға қауқарлымыз? Мұндайды болдырмау үшін қайтпек керек?
— Иә, аталарымыздың «Қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме» деп күрсініп білеміз. Расымен де, қазіргі қоғамда адамдар ашкөзденіп барады. Тоюды білмейтін уақытта адамдардан мейірім іздеудің өзі қиын. Бірақ, біз атасы текті, анасы келісті болған қазақтың ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз керек-ау. Темірдей тәртібі мықты қазақ баласына біреудің ала жібін аттатпаған, жетімін жылатып, жесірін сыртқа теппеген ғой. Ескінің әдебі де, қоғамы да бөлек болған ба деп қаласың кейде. Өкініштісі, бізде сол қоғамда, сол адамдардың ортасында өмір сүріп келеміз. Мұның барлығы балаға тоқтамның болмағанынан. Жігітті бар құртады, қыз баланы жоқшылық бұзады деген сөз бар. Ол рас. Сол үшін баланы бастан бағыттап, қазақы менталитетіміздің қаймағын бұзбай, дұрыс жолмен тәрбиелей білуіміз керек. Сонда қыздың көз жасынан қорқатын, адамдардың қарғысынан аяқ тартатын азаматтар қоғамда көп болар еді. Өкініштісі де осы…
-Сот саласындағы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай? Жалпы, реформалар қабылданып жатқанын ескерсек, судьялардың біліктілік деңгейі ойға оралады? Осы бағытта қандай шаралар қолданасыздар?
-Иә, дұрыс айтасыз. Заң саласында реформалар жиі қабылданады. Осы тұста біз жылына кем дегенде 2 рет оқу курстарына барамыз. Сонымен қатар, ІТ технологияларға көп көңіл бөлінуде. Сот отырыстары онлайн форматта өткізілу мүмкіндігі қолға алынды. Ол дегеніміз азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге үлкен көмек. Жалпы, біліктілік, білім, тәжірибе біздің сала үшін өте маңызды. Өйткені, бізде адам өмірі, тұлға тәуелсіздігі сарапталады.
-Азаматтық істер бойынша жыл қорытындысы қалай болды?
-Бұл бағыт бойынша сотқа жалпы 1060 арыз түскен, 69 іс 2022 жылдан қалдық ретінде өткен. Жалпы 980 іс аяқталып, 398 шешім шығарылған. Яғни, жалпы 2023 жылдың 12 айында барлығы 980 азаматтық іс аяқталған. Оның ішінде: талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралған 775 азаматтық іс, оның ішінде татуласуға жататыны (медиабельный) — 521. Бұл жалпы қаралған азаматтық істердің 55,3 пайызын құрайды. Демек, 47 пайыз арыздар татуластыру рәсімімен аяқталуға жатпайтын істер (бұйрықтық, неке бұзулар, заңды маңызы бар фактіні анықтау т/б).
Осы талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралған (медиабельный) — 521 азаматтық істің ішінен 252 іс (51,7пайыз) татуластыру рәсімімен аяқталған.
— Әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша не айтасыз?
— 2023 жылдың 12 айында сотқа жалпы әкімшілік құқықбұзушылық туралы 761 іс түсіп, оның 753 ісі аяқталған, 8 іс біріктірілген. 583 іске әкімшілік жаза қолданылған (ескерту-40, айыппұл-327, әкімшілік қамау-135, көлік жүргізу құқығынан айыру-36, Республика аумағынан мәжбүрлеп шығару-45), 170 әкімшілік іс тоқтатылған, яғни қысқартылған. Оның ішінде татуласуларына байланысты – 132, құрамы болмауына байланысты — 34, басқа негіздермен -4. Аталған мерзім ішінде 26 жекеше қаулы шығарылған. Яғни, 26 іс бойынша құқықбұзушылықтарға жол берген қызметкерлерге шара көру үшін арнайы органдарға жолданған. 2024 жылға қалдық ретінде 1 әкімшілік іс өткен. Апелляциялық тәртіппен 3 сот қаулысы өзгертілген. 1 сот қаулысы бұзылған.
-Шетел азаматтары статистикаға сүйенсек, сотқа көп жүгінбейтін көрінеді. Олар мейлінше даурықтырмай, өз орталарында істің байыбына барып, келісімге келеді екен. Яғни, медиация. Бұл әдіс бізде де бар. Бірақ, арыз жазып, соттасып жатқандардың қарасы қалың. Осыдан кейін, медиацияның жұмысы қайда қалды деген сұрақ туады? Сіз не дейсіз?
— Бізде де медиация өз жұмысын жасайды. Яғни, ауылдық билер. Дей тұрғанмен қазіргі адамдар сотқа қарай ағылады. Бәрі заң біледі, көзі ашық, көкірегі ояу. Дегенмен, даурықтыруды қажет етпейтін кей тұстарда мейлінше медиация тарапынан жұмыс жасау керек-ау деп ойлаймын. Өйткені, тұрмыс болғаннан кейін, ауыл болғаннан кейін дау болады. Келіспеушілік, түсініспеушілік те кездеседі. Осылардың барлығын ішінара шешуге болатын дүние ғой. Осы бағытта медиация мүшелері, ауыл ақсақалдары, белсенділері жақсы жұмыс жасаса деймін. Өйткені, сотқа келу де, соттасу да оңай шаруа емес. Атап айтқанда, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен халық арасында ең көп орын алып тұрған құқық бұзушылықтар мен дауларды атап өтіп, олардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті және Түлкібас аудандық сотына түскен істердің ішінде татуласуға жататын істердің жартысынан астамы, яғни 55,3 пайыз медиациялық тәртібімен тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды.
-Аудан тұрғындары қоғамдағы қандай олқылықтардың орнын толтыру керек немесе қай бағытта жұмыс жасау керек?
-Түлкібас жері де елді де тектіліктен жаралған деп санаймын. Табиғаты қандай көркем болса, тұрғындары да сондай мейірімді деп білемін. Біз ең басты назарға ұстауымыз керек олқылық ол- ажырасу. Бұл бізге ең маңызды мәселе болып отыр. Өйткені, ажырасу салдарынан көптеген дау, мүлікке таласу, бала бөлісу сынды мәселелер туындайды. 2023 жылдың 12 айында аудандық сотпен қаралған істердің басты бөлігін, неке және отбасылық даулардан туындаған істер, оның ішінде неке бұзу туралы істер құрайды, статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ өткен жылы тіркелген үш некенің екеуі бұзылған, бұл дегеніміз 67 пайыз неке бұзылуда. Сол үшін ажырасудың алдын алу шаралары жақсы деңгейде жүргізілу керек деп білемін. Ата-аналар өз тарапынан ақыл айтып, балаларды ынтымаққа бірлікке шақырып, барынша отбасының ұйытқысын берік ету керек деп білемін. Тәрбие-тал бесіктен басталады. Сол үшін темірдей тәртіпті орната білуіміз керек. Баланы үйлендіру де, үй жай ету де оңай емес. Сондықтан, әр нәрсенің, істің байыбына барған дұрыс.
-Осы бағыт бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын қандай деңгейде жүргізіп келесіздер?
-Аталған даулардың алдын алу мақсатында ауыл билерімен, кәсіби медиаторлармен тығыз жұмыстар жасалып, халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті газет беттерінде, «Faсеbook», «Telegram», «Instagram» ресми парақшаларында үнемі медиация, заңнамаға енгізілген өзгерістер, мемлекеттік тіл және сотта қаралған басқа да істер бойынша мақалалар үнемі жариялануда.
-Аз уақыт бөліп, ең маңызды деген ақпараттармен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіремін. Қоғам тыныштығын сақтауда, адам өмірін арашалауда еңбектеріңіз жандана берсін. Қылмыссыз қоғам өркендесін!Сұхбаттасқан: М.ҚАЛТАЕВ.