Бүгін Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімі тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудан прокурорының орынбасары Алмас Жағыппаров, Ардагерлер және Қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан тұрғындары, тиісті бөлім, мекеме басшылары, құқық қорғау органдары мен жеке құрамының қатысуымен өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жүргізіп отырды.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлаған аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Жасұлан Нысанбаев бөлімнің өткен жылы атқарған жедел-қызметтік жұмыстары мен оның қорытындысы жөнінде кеңінен баяндады. Бұған қоса жол көлік оқиғасы мен қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі ақпараттық жүйені пайдалану арқылы іске асып отырған интернет алаятыққа қатысты сақтық шараларына кеңінен тоқталып өтті. Аталған мәселелер бұған дейін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте де қаралып, қазіргі таңда бейне бақылау жүйесін және үлкен жолдарға жол белгілері мен шуылдақты жолақтар орнату бойынша тиісті жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.
Жиын соңында тұрғындар жол қауіпсіздігіне қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы жоғарыда аталған қауіпсіздік шаралары тұрғындардың сұранысы бойынша туындаған орындарда іске асырылатынын және қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жұмыстар әр кез басты назарда болатынын айтты.