Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Ғылыми жобалар департаменті өңірлік ғылымды дамыту мен жас зерттеушілердің әлеуетін арттыру жолындағы кезекті ірі қуанышты хабарды сүйіншілейді. Университет ғалымдары отандық білім мен ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында тағы бір беделді ғылыми грантты жеңіп алды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру байқауының қорытындысы жарияланды. Байқау нәтижесі бойынша Auezov University-дің AP32314897 «Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның сирек және эндемикті Betula туысының түрлерінің генетикалық, морфологиялық және фитохимиялық әртүрлілігін кешенді зерттеу» тақырыбындағы жобасы жоғары бағаланып, гранттық қаржыландыруға ие болды.
Аталған ғылыми жобаның жетекшісі – PhD, «Биотехнология және агроинновация» ғылыми-зерттеу институтының «Фитохимия» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Айменова Жанар Еркенқызы.
Мемлекет басшысының ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау саясаты аясында іске асып жатқан бұл жобаның еліміздің экологиясы мен биология ғылымы үшін маңызы өте зор. Жоба аясында Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның бірегей табиғи аймақтарында өсетін, сирек кездесетін әрі тек біздің өңірге ғана тән эндемикті қайың (Betula) туысы түрлерінің генетикалық құрылымы, морфологиялық белгілері мен фитохимиялық құрамы алғаш рет пәнаралық деңгейде кешенді түрде зерттелмек.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары заманауи молекулалық-генетикалық және хроматографиялық әдістерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Алынған нәтижелер еліміздің сирек өсімдіктер қорын, биоәртүрлілігін сақтауға, сондай-ақ отандық фармацевтика, медицина және биотехнология салалары үшін жоғары биологиялық белсенділікке ие табиғи фитошикізат көздерін анықтауға жол ашады.
Auezov University ұжымы жас ғалым Жанар Еркенқызы Айменованы және оның ғылыми тобын гранттық қаржыландыру байқауындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтайды! Жас зерттеушілеріміздің еліміздің флорасын зерттеу мен отандық ғылым әлеуетін арттыру жолындағы ізденістері жемісті болып, ғылыми жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдіреміз. Жаңа ғылыми белестер мен жаңа асулар құтты болсын!
