Уразкелдиева Дилбар Абдихамидовнаны ғылыми қоғамдастықтағы ең айтулы да беделді жетістіктерінің бірі – философия докторы (PhD) дәрежесінің ресми түрде берілуімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің 2026 жылғы 27 тамыздағы №631 бұйрығына сәйкес, Дилбар Уразкелдиеваға 8D07160 – «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі бекітілді.
Бұл жоғары марапат – жас ғалымның жылдар бойғы табанды еңбегінің, терең ізденісі мен отандық химия ғылымын дамытуға қосқан салмақты үлесінің заңды нәтижесі.
2026 жылғы 6 наурызда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті жанындағы диссертациялық кеңесте оның «Қазақстанның табиғи натрий және калий тұздарын өңдеу технологиясын жетілдіру» тақырыбындағы докторлық диссертациясы өте жоғары деңгейде, сәтті қорғалған болатын. Зерттеу жұмысы еліміздің бай табиғи шикізат ресурстарын тиімді пайдалану, отандық химия өнеркәсібін жаңаша технологиялық шешімдермен қамтамасыз ету және өндірістік процестерді оңтайландыру тұрғысынан үлкен практиклық әрі теориялық маңызға ие.
Ғылыми зерттеудің жоғары деңгейде орындалуына білікті отандық және шетелдік ғылыми жетекшілердің қосқан үлесі орасан зор:
1. Қадірбаева Алмагүл Ақкөпейқызы – техника ғылымдарының кандидаты, М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың «Бейорганикалық және мұнайхимия өндірістерінің технологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
2. Минаковский Александр Федорович – техника ғылымдарының кандидаты, Беларусь мемлекеттік технологиялық университетінің «Бейорганикалық заттардың технологиясы және жалпы химиялық технология» кафедрасының доценті (Беларусь Республикасы, Минск қаласы).
Халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың нәтижесінде жазылған бұл диссертациялық жұмыс отандық бейорганикалық химия саласындағы заманауи зерттеулердің әлеуетін айқын көрсетті.
Құрметті Дилбар Абдихамидовна! Сізді осы айтулы қуанышыңызбен және ғылыми биікті бағындыруыңызбен тағы да құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, сарқылмас қайрат-жігер, отбасыңызға амандық пен береке тілейміз. Ғылым жолындағы ізденістеріңіз жемісті болып, еліміздің химия өнеркәсібі мен жоғары білім саласын дамытуға бағытталған жаңа бастамаларыңыз тек сәттілікке ұласа берсін! Жаңа ғылыми белестер мен жаңа асулар құтты болсын!
