Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ұжымы отандық Ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым, білікті педагог, химия ғылымдарының кандидаты Алибеков Равшанбек Султанбековичке ресми түрде «профессор» ғылыми атағының берілуін зор мақтанышпен хабарлайды!
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2026 жылғы 27 тамыздағы №629 бұйрығына сәйкес, М. Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың «Тамақ инженериясы» кафедрасының профессоры Алибеков Равшанбек Султанбековичке 21204 – «Азық-түлік технологиялары» ғылыми бағыты бойынша «профессор» ғылыми атағы бекітілді.
Бұл жоғары академиалық мәртебе – ғалымның отандық ғылым мен жоғары мектеп жүйесіндегі жылдар бойғы табанды еңбегінің, фундаменталды әрі қолданбалы зерттеулерінің, сондай-ақ жемісті ғылыми-педагогикалық қызметінің заңды нәтижесі. Равшанбек Султанбекович өзінің саналы ғұмырын заманауи азық-түлік технологияларын жетілдіруге, отандық өндіріс саласына озық инновациялық шешімдерді енгізуге, тамақ өнеркәсібінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға арнап келеді.
Ғалымның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен жүзеге асырылған ғылыми-зерттеу жобалары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи шикізат ресурстарын тиімді өңдеу және бәсекеге қабілетті отандық өнімдер өндіруде үлкен практиклық әрі теориялық маңызға ие. Сонымен қатар, Равшанбек Султанбекович білікті де бәсекеге қабілетті жас мамандар мен ғылыми кадрларды даярлауда өз мектебін қалыптастырып, студенттер мен магистранттарға, докторанттарға бағыт-бағдар беріп келе жатқан өнегелі ұстаз.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қоғамдастығы мен жалпы ұжымы Равшанбек Султанбековичті осы айтулы қуанышымен және ғылыми биікті бағындыруымен шын жүректен құттықтайды!
Құрметті Равшанбек Султанбекович!
Сізді лайықты алған «профессор» ғылыми атағыңызбен тағы да құттықтай отырып, Сізге сарқылмас қайрат-жігер, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілейміз! Еліміздің білім мен ғылым саласын, оның ішінде отандық азық-түлік инженериясын дамыту жолындағы игі де жауапты еңбегіңіз жемісті болсын. Шәкірттеріңіз білім мен ғылым биіктерінен көрініп, жаңа ғылыми белестер мен асуларыңыз тек сәттіліктерге ұласа берсін! Мәртебеңіз асқақтай берсін!
