Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлегеннің төрағалығымен 2026–2027 жаңа оқу жылындағы алғашқы Ғылыми кеңес отырысы өтті. Өңірдегі жетекші жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыттарын айқындайтын алқалы жиынға кеңес мүшелері, факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Кеңес отырысының салтанатты бөлігінде Мұхтар Әділбекұлы университет ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, білім мен ғылым жолындағы жауапты еңбектеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, соңғы уақытта ғылыми ізденістерімен ерекшеленіп, «профессор», «қауымдастырылған профессор (доцент)» ғылыми атақтарын және философия докторы (PhD) дәрежелерін иеленген бірқатар өңірлік ғалымдарға арнайы аттестаттар мен дипломдарды салтанатты түрде табыстады.
Бұдан бөлек, отандық экология ғылымын дамытуға және қоршаған ортаны қорғау саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты А.С. Колесниковке Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді.
Ғылыми кеңестің күн тәртібіндегі бірінші маңызды мәселе бойынша университет Ғылыми кеңесінің 2026–2027 оқу жылына арналған кешенді жұмыс жоспары талқыланып, бекітуге ұсынылды. Бұл бағытта баяндама жасаған ғалым-хатшы А.Ж. Нуралиева алдағы оқу жылында атқарылатын негізгі ғылыми-академиялық іс-шаралар мен басым бағыттарға тоқталды.
Келесі кезекте Академиялық мәселелер және оқу үдерісінің сапасы жөніндегі департамент директоры А.С. Наукенова 2026–2027 оқу жылына арналған оқытушы-профессорлар құрамының педагогикалық жүктемесінің көлемі мен штаттық кестесін бекіту мәселесін талқыға салып, оқу процесін тиімді ұйымдастырудың тетіктерін ұсынды.
Алқалы жиын барысында сонымен қатар университет ОПҚ-ны «қауымдастырылған профессор (доцент)» ғылыми атағына ұсыну, ғалымдар дайындаған монографияларды, оқулықтар мен оқу құралдарын баспадан шығаруға ұсыну, 2026–2027 оқу жылына арналған Академиялық күнтізбені бекіту, білім алушылардың жұмыс және оқу жұмыс жоспарларын бекіту, сондай-ақ университет ОПҚ, ЖМ/факультеттері мен кафедраларының индикативтік жоспарларын бекіту және «Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың құрметті профессоры» атағын беру сияқты бірқатар маңызды ұйымдастырушылық мәселелер қарастырылып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ғылыми кеңес отырысын қорытындылай келе, Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген жаңа оқу жылында университеттегі білім беру сапасын үздіксіз жетілдіру, кадрлық әлеуетті нығайту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын Шымкент қаласы мен Түркістан өңірінің нақты экономикалық қажеттіліктерімен ұштастыру, сондай-ақ білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсету сияқты негізгі міндеттердің жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
