Шымкент қаласында өңірлік жоғары білім мен инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ауқымды шара өтті. Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің базасында «SAIGA STARTUP ARENA» республикалық стартап байқауының алғашқы өңірлік кезеңі ұйымдастырылды.
Жас ойшылдарды, жаңашыл стартаптарды, кәсіпкерлер мен инвесторларды, сондай-ақ бизнес пен технологиялық қауымдастық өкілдерін бір алаңға тоғыстырған шараны SAIGA Valley, «Parasat» бизнес-клубы және Shymkent IT Hub ұйымдастырды. Халықтар достығы университеті аталған жобаның бірлескен ұйымдастырушысы әрі негізгі өткізу алаңы ретінде бой көрсетті.
Іс-шараның ашылу салтанатында университет басшылығы білім ордасының алдағы даму бағыты, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру, сондай-ақ ғылым, бизнес және цифрлық технологиялық қауымдастық арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Шара аясында ғылым мен бизнестің ынтымақтастығын арттыратын маңызды қадам жасалды: Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті мен «Parasat» бизнес-клубы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар білім беру, кәсіпкерлік, инновация және жастардың бірлескен жобаларын жүзеге асыру бағытында серіктестікті орнатуға уағдаласты.
Ауқымды жиынға Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы, PARASAT Business Club, GRATA International, 4sell.ai, SMARTEX DF, i.com Solutions, KazFerroGroup және өзге де ұйымдардың өкілдері, белгілі кәсіпкерлер мен халықаралық инвесторлар қатысты.
«SAIGA STARTUP ARENA» алаңында жас зерттеушілер мен стартап-командалар өздерінің инновациялық жобаларын таныстырып, тәжірибелі сарапшылардан кәсіби бағалау мен бағыт-бағдар алды. Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржылай қолдау қарастырылған:
І орын — 5 000 000 теңге;
ІІ орын — 3 000 000 теңге;
ІІІ орын — 2 000 000 теңге.
Сонымен қатар, «Yandex Cloud» тарапынан үздік жобаларға 3 000 000 теңге көлемінде қосымша гранттық қолдау ұсынылды.
Республикалық жобаның алғашқы кезеңі Шымкент қаласынан бастау алды. Алдағы уақытта байқау Қарағанды және Ақтөбе қалаларында жалғасып, финалдық шешуші кезеңі «Яндекс» компаниясының бас кеңсесінде өтеді.
Бүгінгі таңда Халықтар достығы университеті – сапалы білім берумен қатар, жастардың тың идеяларын қолдап, инновациялық жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін өңірдегі заманауи білім мен жаңа мүмкіндіктер ордасына айналып отыр.
