Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – тек болашақ педагогтерді ғана даярлайтын білім ордасы емес, сонымен қатар түрлі сала мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған білім мен тәжірибенің ірі орталығы. Қараша айында университет қабырғасында маңызды әлеуметтік бастама өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, Жәнібеков университеті мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті республикалық мемлекеттік мекемесі арасындағы өзара ынтымақтастық келісімшарты аясында арнайы біліктілікті арттыру курсы салтанатты түрде ашылды.
Құқық қорғау саласы қызметкерлеріне арналған бұл ауқымды оқу бағдарламасы «Дактильді ым-ишара тілі» деп аталады. Төрт аптаға жоспарланған, жалпы көлемі 80 академиялық сағатты құрайтын бұл қарқынды курс барысында тыңдаушылар дактильді әліпби мен ым-ишара тілінің грамматикалық және практикалық негіздерін терең меңгереді. Курстың басты мақсаты – құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтармен тікелей жұмыс істеу барысында кедергісіз қарым-қатынас орнатудың тиімді тәсілдерін үйрету, олардың құқықтық көмек алу кезіндегі мүмкіндіктерін кеңейту.
Бұл маңызды білім беру үдерісін жоғары деңгейде жүргізу үшін университеттің тәжірибелі мамандары тартылған. Атап айтқанда, сабақтарды білім ордасының «Арнайы педагогика» кафедрасының тәжірибелі магистр-оқытушысы, білікті сурдопедагог Сәуле Құралқызы Қалыбекова жүргізеді. Ол тыңдаушыларға ым-ишара тілінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, ерекше қажеттіліктері бар жандардың психологиясы мен олармен қарым-қатынас жасаудың этикалық нормаларын да түсіндіреді. Курс соңында оқу бағдарламасын табысты аяқтап, сынақ тапсырған барлық тыңдаушыларға белгіленген үлгідегі 80 сағаттық біліктілікті арттыру сертификаты табысталатын болады.
Аталған бастама – жоғары оқу орны мен құқық қорғау саласы арасындағы тығыз әрі тиімді кооперацияның нақты көрінісі. Сонымен қатар бұл курс мемлекеттік деңгейде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың заңды құқықтарын құрметтеу, олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуын қамтамасыз ету және өңірде инклюзивті мәдениетті жан-жақты дамыту тұрғысынан айрықша маңызға ие. Жәнібеков университетінің басты миссиясы тек дәстүрлі маман даярлаумен шектелмейді, керісінше, қоғамның әр саласындағы кәсіби құзыреттерді арттыруға, мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуге және әлеуметтік маңызы бар игі бастамаларды жүзеге асыруға әрқашан өз үлесін қосып келеді.
