Қоғамның ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың біліміне, тәрбиесіне және азаматтық ұстанымына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияның жастар өміріндегі орны ерекше. Өйткені ол жас азаматтардың білім алуына, еңбек етуіне, өз ойын еркін білдіруіне және қоғамдық өмірге араласуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Қазіргі жастар тек білім алып, мамандық игерумен шектелмеуі керек. Олар өз құқықтарын білетін, қоғам алдындағы міндеттерін түсінетін, елдің дамуына белсенді үлес қосатын саналы азамат болуы қажет. Ол үшін құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру маңызды деп есептеймін.
Түркістан облысында жастардың білім алуына, шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамытуына мүмкіндік беретін түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы жастардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін қаншалықты дұрыс пайдалана алатынына да байланысты.
Мәселен, жастардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысуы, қоғамдық кеңестер мен еріктілер қозғалысына араласуы, жергілікті мәселелерді талқылауға өз ұсыныстарын білдіруі азаматтық белсенділіктің нақты көрінісі саналады. Мұндай тәжірибе олардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, ел болашағына бейжай қарамайтын жаңа буынның қалыптасуына ықпал етеді.
Конституцияны құрметтеу – оның мазмұнын жаттап алу емес, ондағы құқықтар мен міндеттерді күнделікті өмірде басшылыққа алу. Заңды білетін жас өз құқығын қорғай алады, өзгенің құқығына құрметпен қарайды. Сондықтан құқықтық мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды инвестиция.
