Елімізде азаптау сынды адам құқығын өрескел бұзатын оқиғалар көбіне тергеу ісіндегі заңсыз әрекеттер мен басшылар тарапынан жүргізілетін ведомстволық бақылаудың әлсіздігінен туындап жатады. Өкінішке қарай, мұны түп-тамырымен жою әзірге мүмкін болмай тұр. Десек те, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған азаптау қылмыстарына қарсы облыстық прокуратура тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Көзіқарақты оқырманға мәлім, Қазақстан былтыр адам құқықтарын сақтауға қатысты бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылды, оның ішінде БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына қатысты факультативтік хаттаманы және Стамбул хаттамасын ратификациялады. Бұл маңызды қадам біздегі адам құқығын қорғауды көздейтін құқықтық құжаттарды халықаралық талаптарға сәйкестендіруге жол ашады. Сонымен қатар, елімізде адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарына негізделген азаптауға қарсы әрекеттердің алдын алу механизмі құрылды. Қазақстан үшін бұл адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналды. Жаңа қоғамдық институт елдегі заңдылықты нығайтудың пәрменді құралы болатынына сеніміміз мол.
Бүгінде әлеуметтік желілерге және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан азаптау деректері бойынша тергеп-тексеру жүргізу құзыреті прокуратура органдарына берілген. Бұл құзырет Қылмыстық-процестік кодекспен және Бас прокурордың нұсқаулықтарымен бекітілді. Осыған орай облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы қадағалаушы прокурорлармен бірлесіп, қылмыстық істерді тіркеу мен тергеу әрекеттерін заңнама талаптарына сай жүргізуді қатаң бақылауға алды. Қазіргі таңда азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында қылмыстық оқиғаларды мұқият зерттеу, іс материалдарын тереңірек зерделеу және басшылық тарапынан ведомстволық бақылау жұмыстары күшейтілді. Облыстық прокуратура бұл ретте құқық қорғау органдарына қылмыстық процеске қатысушылардан жауап алу кезінде ҚПК-нің 209-бабының талаптарын сақтауды және оның бұзылуына жол бермеуді, сондай-ақ, жауап алынған адамға қатысты азаптау әрекеттерін қолданғанын немесе қолданбағанын мұқият зерттеуді тапсырды. Бұдан бөлек, азаптау оқиғаларының алдын алу, орын алған фактілерді дер кезінде тексеруді ұйымдастыру мақсатында қылмыстық қудалау және қылмыстық атқару органдарының қалалық департаменттерінің құрылымдық және аудандық басқармалар ғимараттарына 1498 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бүгінде азаптауға жол берген құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен бөлек оларға көмек көрсеткен азаматтар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олардың бұл әрекетіне Қылмыстық кодекстің 146-бабында жаза қарастырылған және бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Тіпті, азаптау қылмысын жасағандардың жәбірленушімен татуласуына да тосқауыл қойылған.
Бүгінгі таңда облыстық прокуратураға қарасты аудандық, қалалық прокуратура қызметкерлері азаптау туралы арыздарды тіркеу, қарау және процестік шешім қабылдау кезінде заңдылықтарға жол бермеу үшін күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Бұған арнайы жауапты қызметкер бекітілген. Құқық қорғау органдарының ғимараттарында кезекші прокурорлар жұмыс істейді. Олардың міндеті – азаптауға қатысты кез келген әрекеттің алдын алу. Одан бөлек, жеткізілген тұлғаларды электрондық тіркеу, қылмыстық істерді электронды нысанда тергеу жүйесі енгізілді. Мұндай жаңғырту процестері әлі де жалғасады.
Қорыта айтқанда, азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, оның ішінде, адамның ар-намысын таптайтын әрекеттерге жол бермеу – облыстық прокуратураның ұдайы назарында. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта ширай түседі. Осы ретте азаптау оқиғасына ұшыраған жағдайда кез келген адам прокуратура органдарына шағым түсіруге және 8-701-629-73-67 ұялы телефонына хабарласуға болатынын көпшіліктің есіне салғымыз келеді.
Е.БАЙЫМБЕТОВ,
облыс прокурорының көмекшісі.