Бүгін Түркістан облысы, Арыс қаласындағы Спорт кешенінде Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ел қорғаны – Жастар 2024» облыстық әскери-патриоттық жиыны өтті.
Жастар мен жасөпірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттауды мақсат ететін шараға облысымыздың барлық аудан-қаласынан келген 14 командадан 100-ге жуық жастар бақ сынады.
Шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, Арыс қалалық «Отан» Ауған соғысының ардагерлері» ҚБ төрағасы Ергентай Көшкінбаев, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және ауған соғысы ардагерлері мен тұрғындар қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген шаһар басшысы шараның патриоттық-тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталып, қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін, 1979-1989 жылдары Ауған жерінде қанды шайқасқа қатысқан ардагерлеріне «Кеңес әскерінің Ауған елінен шығарылғанына 35 жыл» мерейтойлық медальімен марапаттады. Шара аясында өңірдегі әскери-патриоттық бағытты дамытуға өз үлесін қосып жүрген алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері де қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Әрі қарай тартысқа толы жиын бастау алды. Жас сарбаздар АК-74 автоматты жартылай бөлшектеу және қайта жинау, жалпы әскерлік қоғаныш жиынтығын кию кию, шалқалап жатып денесін көтеру, денені қос қолмен көтеру, кір тасын көтеру, саптық ән, арқан тартыс түрлерінен бақ сынады.
Арыстық жас сарбаздар кеудені жерден көтеруден басқа барлық жарыс түрінен ешкімге дес бермей жоғары нәтижеге қол жеткізді. Оның ішінде, бес түрлі сайыста рекорд орнатып, Арыстың мерейін үстем етті. Нәтижесінде І орын мен жүлделі кубокты, сондай-ақ 400 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды. Ал, жүлделі ІІ орын Сарыағаштан келген өрендерге бұйырса, ІІІ орынды Түркістандық жас сарбаздар қанжығасына байлады.
Жеңімпаз командалар мен жекелей сайыстар бойынша орындар алған жастар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.